Сенат сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ететін заң жобасын қабылдады
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне істерді қараудың апелляциялық,
кассациялық және қадағалау тәртібін жетілдіру, сенім деңгейін арттыру және сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланды. Сенат заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізіп, қабылдады.
Естеріңізге сала кетейік, заң жобасымен істерді қараудың апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібін жетілдіру ұсынылады. Атап айтқанда, істердің әрбір сот сатысында міндетті түрде кезең-кезеңімен өтуі көзделіп отыр. Бұл ретте бір және сол соттың (облыстық) аясында екі саты сақталады (апелляциялық, кассациялық). Апелляциялық сатыдағы сот істі мән бойынша қарайды, оның істі бірінші сатыдағы сотқа қарауға жіберу құқығы алып тасталады. Кассациялық сатыдағы сот заңды күшіне енген сот актілерін олар апелляциялық тәртіппен қайта қаралғаннан кейін ғана қарайтын болады. Қадағалау сатысындағы сот та (Жоғарғы Сот) заңды күшіне енген сот актілерін қарайды, бірақ олар кассациялық тәртіппен қайта қаралған соң ғана қаралады.
Екінші оқылым барысында сенаторлар бірқатар өзгертулер ұсынған болатын. Атап айтқанда, заң жобасының іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге бағытталған нормалары тұжырымдамаға сәйкес келтірілді.
Атап айтқанда, жәбірленушінің құқықтарын қорғау, облыстық және оған теңестірілген соттың соттауына жататын істер, аппелляциялық шағымдар жасау, наразылықтар келтіру тәртібі бағытында түзетулер жасалды. Бұдан бөлек, судья жеке қарайтын қылмыстар құрамдарының тізбесін нақтылауға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар ескерілмеген. Сенаторлар бұл кемшілікті жоюды ұсынды. Судьяны қылмыстық істі қарауға қатыстырмайтын негіздерді нақтылау мақсатында түзетулер де енгізілді. «Алайда, судья өзінің қатысуымен шығарылған үкімнің немесе істі тоқтату туралы қаулының күші жойылған жағдайда, істі алқабилердің қатысуымен жаңадан қарауға қатыса алмайтындығы ескерілмеген. Бұл олқылықтың орнын толтыру ұсынылады», - делінген заң жобасы бойынша Бас комитеттің қорытындысында.