Сенат спикері: Қасиетті кітапты өртеу – халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм

съез
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Қасиетті кітаптарды өртеу, діни рәміздерді қорлау – халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Қазіргі таңда арандатушылардың өздерінің теріс пиғылы үшін дінге сенушілердің діни наным-сеніміне манипуляция жасауы үлкен алаңдаушылық тудырады. Қасиетті кітаптарды өртеу, діни рәміздерді қорлау – халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм. Қазақстан Президенті БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында айтқандай, мұндай жол беруге болмайтын әрі тағылық әрекеттерден сөз бостандығының нышаны білінбейді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Оның атап өтуінше, халықаралық шиеленістің өршу жағдайында жаһандық диалог пен сенімді нығайтатын жаңа әдістер табудың өмірлік маңызы бар.

«Қазіргі әлемдегі проблемалардың басым бөлігіне адамгершілік дағдарыс негіз болып отырғаны айқын. Материалдық игілік, табиғат пен қоршаған адамдарға тұтынушылық қарым-қатынас ізіне түсу, адамгершілік басымдықтарының құлдырауы адамзат қоғамына теріс ықпалын тигізеді. Мұндай жағдайда іргелі және адамгершілік құндылықтарының қорғаушысы ретіндегі әлемдік және дәстүрлі діндердің рөлі зор маңызға ие», - деді Сенат төрағасы.

Соңғы жаңалықтар