Сенат спикері Қ. Тоқаевтың әлемдік дипломатия туралы кітабы жарық көреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шілде айының соңына таман Парламент Сенатының төрағасы, белгілі саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа кітабы жарық көрмек. «Reflections at the United Nations» деген атпен басылатын кітап әлемдік дипломатия тақырыбын өзек еткен.

Сенат спикері Қ. Тоқаевтың әлемдік дипломатия туралы кітабы жарық көреді

Сенат баспасөз қызметінің хабарлауынша, кітапты «БҰҰ-дағы толғаныстар» деп аударуға болады. Оған Қ.Тоқаевтың 2011 жылғы сәуір мен 2013 жылғы қазан аралығындағы кезеңде БҰҰ Бас Хатшысының Орынбасары, БҰҰ Женева бөлімінің Бас Директоры, БҰҰ Бас Хатшысының Жеке уәкілі және Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас Хатшысы болған кездегі ағылшын, француз, орыс және қытай тілдерінде сөйлеген сөздері мен мәлімдемелері енген. Кітапта сонымен қатар, аталған кезеңдерде жарияланған мақалалары да бар.

«Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ желісі бойынша барлық шаралардың 70 пайызына жуығы өтетін, жаһандық конференциялық орталық болып табылатын БҰҰ-ның Женевадағы бөлімін басқарған Азияның алғашқы өкілі болды. Қ.Тоқаев өзін тиімді басқарушы ретінде көрсетті, БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун және халықаралық ұйымдардың басшылары оның кезінде халықаралық дипломатиядағы дүниежүзілік орталық ретінде Женева өзінің рөлін күшейте түсті, деп санайды», - делінген баспасөз баянында.

Қ.Тоқаевтың көлемді (800 беттен астам) еңбегі дипломаттар, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері мен жас мамандарға зор ықылас туғызады.