Сенат судьялар тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған заңды қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заң жобасын екінші оқылымда талқыланып, құжат қабылданды. Парламент қабылдаған заң енді Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Сенат судьялар тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған заңды қабылдады

Аталған заң судьялар тәуелсіздігін күшейтуге, судья лауазымдарына кандидаттарды конкурстық іріктеу рәсімдерін жетілдіруге бағытталған. Бұдан бөлек, судья лауазымына кандидаттарды іріктеуде жұртшылықтың рөлін күшейту мәселелері қаралатын болады. Атап айтқанда, заң жобасымен облыстық сот төрағаларына кандидаттарды іріктеуде судьялық өтілдің болу міндеті бес жылдан он жылға дейін көтеріледі. Бұл жалпы судьялық корпустың кадрлық әлеуетінің артуына оң ықпалын тигізетін болады.

Сонымен қатар заң жобасымен облыстық және оған теңестірілген соттардың, Жоғарғы Соттың қызметін жетілдіру мақсатында олардың құрамында жалпы отырыстың құзыретіне кірмейтін және тез арада шешуді талап ететін сот жүйесінің қызметіне қатысты жеке орган құру ұсынылады. Аталған орган құзыретіне соттардың жұмыстарын тексеру, соттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін үйлестіру және тез арада шешуді талап ететін ағымдағы мәселелер жатады. Бұдан бөлек, судьяларға соттың шешімі заңды күшіне енбеген істер бойынша жұртшылық алдында пікір білдіруге тыйым салынатын болады. Әділ сот төрелігіне және оның тәуелсіздігіне залалын тигізуі мүмкін мәлімдемелер немесе ескертулер жасаудан бас тарту туралы соттың міндеті де бекітіліп отыр.

Бұдан басқа, басшы судья лауазымына, аудандық сот төрағасы, Жоғарғы Сот судьялары мен сот алқалары төрағалары лауазымдарына үміткерлерді іріктеу кезінде кадр резервінде тұрған адамдарға басымдық беру көзделеді.