Сенат табиғи монополиялар қызметінің ашықтығына бағытталған заң жобасын Мәжіліске қайтарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Cенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылады. Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
Еске сала кетейік, заң жобасы табиғи монополиялар қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталады. Сонымен қатар құжатта табиғи монополияларға қатысты негізсіз шығындарды болдырмау, тарифтік үдерістерді оңтайландыру, тұтынушылар құқығын қорғау мәселелері қамтылып отыр.
Атап айтқанда, тариф қалыптастыру және монополистер қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында тарифтерге сараптама жасау үшін Сараптамалық кеңес құруды заңдық негізде бекіту көзделеді. Бұдан бөлек, энергетика саласындағы доминанттарға бұқаралық тыңдаулар өткізу міндеті енгізіледі, есеп берулер мен бұқаралық тыңдаулар бойынша талаптар күшейтіледі. Ал негізсіз шығындарды алып тастау және тарифтік үрдістерді оңтайландыру мақсатында тарифтен қаржылық және техникалық сараптама шығындарын алып тастау қарастырылған.
Бұл ретте техникалық сараптама тек қана өңірлік электрлік компаниялар үшін жасалады, ал аудит акционерлік қоғам болып табылатын субъектілерге енгізіледі. Сонымен қатар тұтынушылар құқығын қорғау мақсатында табиғи монополиялар субъектілері тарапынан қолданыстағы активтерді жаңғырту мен қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық бағдарламаларға қаражат бағытталатын болады. Бұдан бөлек, монополистер сыртқы ауа температурасы бойынша қайта есептелген қаражаттарды тікелей тұтынушыларға қайтаруға немесе оларды тарифтерді төмендету арқылы өтеуге міндетті болады.
Екінші оқылымда талқылау барысында сенаторлар заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, жоғары палата депутаттары көлік құралдарын тоқтату мен ақылы тұраққа қою ережелерін бұзғандығы үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді ұсынады. Қалалық қоғамдық көлікте сараланған тарифтер белгілеуде «Автомобиль көліктері туралы» заңды қайта қарау ұсынылып отыр. Осы өзгерістерден соң заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.