Сенат тегін медициналық көмекке қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

А. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,

Сенат тегін медициналық көмекке қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

 Аталған заң жобасы қолданыстағы кейбір заңнамалық актілердің жекелеген нормаларын Қазақстан Республикасының бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне сәйкес келтіру шеңберінде әзірленген. «Құжат азаматтардың медициналық ұйым мен дәрігерді еркін таңдауға қатысты конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталады. Заңды қабылдау нәтижесінде денсаулық сақтау саласындағы экономикалық және әлеуметтік жағдайды жақсарту күтіледі. Пациенттің медициналық ұйым мен дәрігерді еркін таңдауға қатысты құқығы, медициналық көмек көрсетуге орай тарифтердің теңдігі іске асырылып, денсаулық сақтау саласындағы нарықтық қатынастар енгізіледі. Медициналық қызметтер көрсетудің ашықтығы қамтамасыз етіліп, денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына негізгі алғышарттар жойылатын болады», деді заң жобасы бойынша баяндаған Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев.

Жалпы алғанда жоба денсаулық сақтаудың қаржыландыру жүйесін жетілдіруге, оны басқарудың тиімді және айқын жүйесін құруға бағытталып отыр.

Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін Бас комитетке тапсырылады.