Сенат тексеруші мемлекеттік органның құқығына қатысты құжатты Мәжіліске қайтарды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралды. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.

Заңды қабылдаудағы негізгі мақсат – қоғамның талап тілектерін ескере отырып, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың ресми ақпараттарын проактивті таратуды қамтамасыз ету, мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа қол жетімділігін арттыру.
Заң аясында «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне, «Экологиялық кодексіне» және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы», «Құқықтық актілер туралы», «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Мемлекеттік наградалар туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр.
- Атап айтқанда, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне уәкілетті органның құзыретіне интернет-порталда денсаулық сақтау жүйесінің жәй-күйі туралы объективті ақпаратты және ашық деректерді орналастыру жөніндегі функцияны енгізу бойынша толықтыру енгізіледі. «Экологиялық кодекске» облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарына жыл сайын 1 мамырға дейін өзінің ресми интернет-ресурсында өткен жылғы қоршаған орта сапасы бойынша нысаналы көрсеткіштердің нақты нәтижелері, жергілікті деңгейде экологиялық саясатты іске асыру барысы, жергілікті бюджетке қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін түскен төлемдердің жалпы сомасы туралы ақпаратты орналастыруға міндеттейтін нормалар енгізілді, - деді сенатор Амангелді Толамисов.
Оның айтуынша, заң ашық мемлекет қағидатын дамытып, азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне қол жеткізілуі шектелмеген ақпараттарды еркін алуын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде елімізде азаматтық қоғамды нығайтып, халықтың мемлекеттік басқаруға қатысуын ынталандырады.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына Мемлекеттік наградалар алу үшін қойылатын талаптарды жетілдіруге бағытталған түзетулер енгізіледі. Мәселен, мемлекеттік наградалар қатарынан Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын алып тастау, «Даңқ» орденімен күштік құрылымдардың тек басшылық құрамдағы адамдарын марапаттау сынды түзетулер қаралған.
Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңына көрнекі ақпарат құралдарын орналастыру бөлігінде, оларды алдын ала жергілікті атқарушы органдармен келісу туралы нормалар енгізіліп отыр.
Заңды Парламент Сенатында қарау барысында жоспардан тыс тексеру тағайындау негіздері, сондай-ақ тексеретін мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттерін белгілеу бөлігінде толықтырулар енгізілді. Барлық түзетулер Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сәйкес келтірілді.
- Заңды қарау барысында, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органға ақпаратқа қол жеткізу саласындағы мемлекеттік бақылау құзыретін беру бөлігінде ескертулер мен ұсыныстар келіп түсті. Олар мемлекеттік бақылауды тағайындау негіздерін толықтыруға, сондай-ақ тексеруші мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттерін белгілеуге бағытталған, - деді депутат.