Сенат ТМД аясында авторлық құқықты сақтау ынтымақтастығына қатысты құжатты мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: senate.parlam.kz

«Бұл Заң ақпараттық-коммуникациялық желілерде, оның ішінде интернетте авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтардың бұзылуына қарсы іс-қимыл тетіктерін құру жөніндегі іс-шараларды әзірлеп, іске асыруға бағытталған. Келісімге 2021 жылғы 12 қарашада ТМД Үкімет басшыларының отырысында ТМД-ның сегіз мемлекеті қол қойды. Қазіргі кезде мемлекетішілік рәсімдерді Армения, Беларусь, Қырғыз, Өзбекстан Республикалары және Ресей өткізді», - деді сенатор Амангелді Толамисов.

Мемлекетіміздің заңнамасын басшылыққа ала отырып, келісімді іске асыруды қамтамасыз ету барысында: заңнаманы жетілдіру; қатысушы мемлекеттердің уәкілетті органдарымен ынтымақтасты тереңдету және ақпарат алмасу; аталған саладағы заңсыздықтардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі іс-шараларды әзірлеу; осы тақырып бойынша семинар, конференция және бірлескен ғылыми зерттеулер өткізу бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамытады.


«Қазіргі кезде авторлық құқықты, соның ішінде интернетте авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғау тетіктерін дамыту тек дүниежүзі елдерінің ұлттық заңнамасының ғана емес, халықаралық құқықтың да міндеті. Сондықтан қазір барлық елдерде бұл мәселені реттеудің оңтайлы нұсқаларын қалыптастыру бағытында белсенді жұмыстар қамтылған. Келісімді жүзеге асыру тікелей интернетте авторлық құқықты қорғау бойынша тәжірибе мен ақпарат алмасудан тұрады. Сонымен қоса, осы келісімді жүзеге асыру аясында уәкілетті органдар ретінде Әділет министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Жоғарғы Сот (әрқайсысы өз бағыты бойынша) болады. Соның аясында тиісті іс-шараларды күшейту ескерілген», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелерін үйлестіру жөніндегі мемлекетаралық кеңес құрылып жатыр.


Соңғы жаңалықтар