Сенат төрағалығына жаңа кандидатты ұсыну тікелей Мемлекет басшысының құзіретінде - Қ.Тоқаев

АНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Парламенті Сенатының төрағалығына жаңа кандидатты ұсыну тікелей Мемлекет басшысының құзіретінде.

Сенат төрағалығына жаңа кандидатты ұсыну тікелей Мемлекет басшысының құзіретінде - Қ.Тоқаев

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.

«Маған Сенат төрағасы ретінде орныма кімнің келетіні әлі белгісіз. Өйткені, бұл - тікелей Мемлекет басшысының құзіретіне жатады. Конституцияға сәйкес ҚР Президенті сенаторлардың алдына жоғары Палатаның спикерлігіне кандидатты сайлау үшін ұсынатын болады»,-деді Қ. Тоқаев.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің бас директоры болып тағайындалды. Бұндай уағдаластыққа ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун телефон арқылы сөйлесу кезінде қол жеткізді. «...Пан Ги Мун сондай-ақ, БҰҰ жүйесіндегі басшылық қызметке Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсыну туралы Қазақстан Президентінің ұсынысын егжей-тегжейлі зерттегенін жеткізді. Және халықаралық қауіпсіздікті және ядролық қару-жарақты таратпау режимін нығайтуға қосқан Қазақстанның айтулы үлесін, елдің әлеуметтік-экономикалық дамудағы және сыртқы саясаттағы жетістіктерін ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры етіп тағайындау туралы шешім қабылдағанын айтты», - делінген ҚР Президенті баспасөз қызметінің 12 наурызда таратқан хабарламасында.

Ал бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ жүйесіндегі маңызды лауазымға тағайындалуы Елбасының халықаралық беделінің арқасында жүзеге асқанын атап көрсетті. «Ең алдымен, бұл - Мемлекет басшысының, біздің Президентіміздің халықаралық аренадағы зор беделінің нәтижесі", - деді ол.

Сонымен қатар Қ. Тоқаев Женевадағы жаңа қызметіне сәуір айының ортасынан кірісетінін жекізді." Сәуір айының ортасында Нью-Йоркте БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуім жоспарлан. Сол кездесу барысында маған нақты тапсырмалар жүктеледі деп күтемін»,-деді Қ. Тоқаев.

Сондай-ақ Қ. Тоқаев халықаралық деңгейдегі жаңа лауазым өзіне күрделі әрі жауапты міндет жүктейтінін айтты. «БҰҰ жүйесіндегі жаңа қызметімдегі басымдық негізінен қарусыздандыру мәселесіне байланысты болып табылады. Негізінен Женевада бірқатар халықаралық ұйымдар шоғырланған әрі осы жерде қарусыздандыру мәселесі бойынша конференция жұмыс істейді. Мен осы конференцияның Бас хатшысы боламын. Қарусыздану - өте күрделі жұмыс. Өйткені өткен 9 жыл бойы осы конференция жұмысы ешқандай нақты нәтиже берген жоқ. Сол үшін бұл маған жүктелген өте күрделі әрі жауапты міндет»,-деді Қ. Тоқаев.