Сенат Төрағасы Дипломатиялық бизнес клуб мүшелерімен кездесті

 Сенат Төрағасы Дипломатиялық бизнес клубтың мүшелерімен кездесті
Фото: Н.Байбулин

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Дипломатиялық бизнес клубтың отырысына қатысты. Іс-шарада дипломаттар, саясаткерлер және бизнесмендер Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан еліміздің жаңа экономикалық үлгіге көшу барысын талқылады. Сондай-ақ олар бизнес-қауымдастықтың шетелдік дипломатиялық корпуспен ынтымақтастығының перспективаларына назар аударды., деп хабарлайды Kazinform Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елді жаңғырту бағытында кешенді реформа жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Соның нәтижесінде саяси жүйе теңгерімді, ашық және демократиялық тұрғыдан нығая түсті. Қазіргі таңда елдің алдында тұрған басты міндеттердің бірі –дамудың жаңа экономикалық үлгісін қалыптастыру.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есе ұлғайтып, 450 млрд долларға жеткізуді мақсат етіп белгілеп берді. Бұл ретте өсу негізінен өңдеуші өнеркәсіпті және экономиканың технологиялық секторларын дамыту есебінен болуға тиіс. Парламент жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыруда маңызды рөл атқаратыны анық. Біздің негізгі міндетіміз – барлық өзгерісті заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол Сенаттың саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыру жөніндегі қызметіне тоқталды. Екі жыл ішінде сенаторлар адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға, азаматтардың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға және Қазақстанның үдемелі экономикалық дамуына бағытталған 170-тен астам заңды мақұлдады. Алдағы уақытта инвесторларға қолайлы жағдай жасауды көздейтін жаңа Бюджет және Салық кодекстері қабылданады.

Мәулен Әшімбаев Қазақстан өңдеу өнеркәсібі, толық циклді металлургия, машина жасау, агроөнеркәсіптік сектор және басқа да салаларда шетелдік инвестицияны тартуға мүдделі екенін тілге тиек етті. Палата Спикері барлық бағыт бойынша, оның ішінде әлеуметтік салада инклюзивті дамудың маңызына да назар аударды.

«Қазақстан бүгінде ашықтық қағидаттарын ұстанады. Сондай-ақ экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық және басқа да салаларда өзге елдермен жан-жақты ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Дипломатиялық бизнес клубы осы бағыттағы міндеттерді іске асыруға өз үлесін қосады деп сенемін», – деді Сенат Төрағасы.

Кездесу кезінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев, Клубтың тең төрағасы Исламбек Салжанов, «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов, YPO Kazakhstan-ның Төрағасы Қанат Көпбаев және тағы басқа қатысушылар сөз сөйлеп, баяндама жасады.

Айта кетейік, Дипломатиялық бизнес клубы 2015 жылы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен «Атамекен» ҰКП-ның бастамасымен құрылған. Оның негізгі мақсаты – шетелдік дипломатиялық корпустың Қазақстанның бизнес-қауымдастығымен сауда-экономикалық, білім және ғылым, мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылын дамытып, нығайту үшін бейресми алаң құру. Клубқа Қазақстанда аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік мекемелердің және ұлттық компаниялардың басшылары, YPO Kazakhstan мүшелері, Қазақстандағы шет мемлекеттердің құрметті консулдары, сондай-ақ, республиканың бизнес-қауымдастығының көшбасшылары мүше.

Соңғы жаңалықтар
telegram