Сенат төрағасы Қытайдың сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен кездесті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан парламенттік делегациясының сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен және Қытайда білім алып жатқан Қазақстан студенттерімен кездесуінде ынтымақтастықтың жаңа форматы мен тетіктері талқыланды.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, жасампаз ынтымақтастық және екі елдің мүдделерін өзара құрметтеу бірлескен жобалар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, маңызды мәселелердің шешімін табуға ықпал етеді.

– Соңғы жылдарда Қазақстан өзекті жаһандық және өңірлік проблемаларды жеңілдетіп, оларды шешу үшін сындарлы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық саясатын белсенді ілгерілетіп келеді. Қазақстан өзінің сыртқы саяси қағидаларына, нақты айтқанда, көпвекторлыққа, прагматизмге, басқа елдердің мүдделерін құрметтеуге және халықаралық проблемаларды шешудің сындарлы жолдарын іздеуге адал болып қала береді. Мұндай теңгерімді ұстаным біздің елімізге жаһандық сын-қатерлерге бейімделіп қана қоймай, жаңа әлемдік тәртіп қалыптастыру ісіне үлес қосуға мүмкіндік береді. Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі жасампаз ынтымақтастық саясатын да дәйекті түрде дәріптеп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тығыз өңірлік кооперацияны нығайтудың маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Мұндай қадам өңірдің дамуына жағдай жасап қана қоймай, бүкіл Орталық Азияның халықаралық қатынастардағы субъективтілігін арттыруға ықпал етеді, – деді Сенат Төрағасы.
Фудан университеті халықаралық зерттеулер институтының профессоры Чжао Хуашэн Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретінде Қытайдың негізгі сауда серіктесі екенін атап өтті. Бұл Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының маңызын және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың тікелей және әлеуетті мүмкіндіктерін көрсетеді.
– Екі елдің экономикасы бір-бірін толықтырады. Қазіргі уақытта біз IT және цифрлық экономика, индустриялық жаңғырту және басқа да жоғары технологиялық салаларда ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Бұл енді тек дәстүрлі сауда емес, Қазақстан экономикасы жаһандық трендтерге ілесіп келеді, - деп қосты қытайлық сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін Бейжіңде Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Ұлттық комитетінің төрағасы Ван Хунин мен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэдзидің кездесулері өткен болатын.
Сонымен қатар Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының меңгерушісі Мәулен Әшімбаев Қытайға сапары аясында ҚКП ОК Біріккен майдан бөлімінің меңгерушісі Ши Тайфэнмен және Қытайдың дін лидерлерімен кездесті.