Сенат Төрағасы Атырау облысы мәслихаттарының делегациясымен кездесті
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Атырау облысы мәслихаттарының хатшыларымен кездесті.
Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінен хабарлайды.
Қ.Мәми еліміз Парламентінің қазіргі кездегі заң шығару қызметі туралы әңгімеледі. Атап айтқанда, Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауынан туындайтын заң жобалары туралы сөз болды.
Кездесу барысында қабылданатын шешімдер үшін қажетті құқықтар мен ресурстарды орталықтан алып, биліктің аймақтық органдарына беруді көздейтін басқаруды орталықсыздандыруға баса назар аударылды. Бұл ретте, Парламент кейбір заңдарға жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын заңдар қабылдады. Қ.Мәми атап өткендей, осы заңдарға сәйкес, ауылдық әкімдерге қосымша өкілеттіктер беріліп, ауыл ахуалына олардың ықпалы күшейе түсетін болады. Басқарудың төменгі деңгейіндегі әкімдердің қаржылай және экономикалық дербестігі кеңейеді.
Қ.Мәми жұртшылық арасында орталықсыздандыру үдерістерінің мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру қажеттігін атап өтті.
Сенат Төрағасы мәслихаттарды жұмыссыздықты қысқарту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі бағдарламаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Астанада болған кезде Атырау облысы мәслихаттары хатшыларының делегациясы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттар) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелерімен кездесті.