Сенат Төрағасы ЕҚДБ Президенті Сума Чакрабартимен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартимен кездесті, деп хабарлайды Жоғары Палатаның баспасөз қызметі.

Сенат Төрағасы ЕҚДБ Президенті Сума Чакрабартимен кездесті

Сенат басшысы Қазақстанның экономикалық қайта құруына көмектескені үшін Еуропалық қайта құру және даму банкіне алғыс білдірді. Тәуелсіздік жылдарында ЕҚДБ біздің еліміздегі 240 жобаны іске асыруға 8 миллиард шамасындағы АҚШ долларын инвестициялады.

Төраға жүзеге асқан жобалардың Қазақстан экономикасына оң ықпал еткенін атап өтті. С.Чакрабарти жобалардың табысты жүзеге асып жатқаны туралы хабардар ете келіп, Қазақстан инвестиция бағдарламалары бойынша ЕҚҚДБ-да басымдыққа ие болып қала беретінін атап өтті.

Банкден тек осы жылдың басынан бері еліміздің экономикасына 500 млн. доллардан астам қаржы бөлінген, еліміздің аймақтарында ЕҚДБ-ның 9 кеңсесі өнімді жұмыс істеп келеді. Ол Астана халықаралық қаржы орталығының ісі сәтті басталғанын атап өтті.

Шағын және орта бизнесті, қаржы секторын, цифрландыруды, ауыл шаруашылығын дамыту - ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттары. ЕҚДБ Президенті заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша Парламент Сенатымен тығыз ынтымақтасуға ниет білдірді.
null

Парламент жоғарғы палатасының басшысы ЕҚДБ Экологиялық кодексті әзірлеуге қосылу туралы ұсыныс айта келіп ЕҚДБ-ның әйелдер кәсіпкерлігі мен жастар бизнес-стартаптарына қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.

С.Чакрабарти өз кезегінде Қазақстанның жаңғырту бағыты маңызды екенін атап өте келіп, бұдан былайғы жемісті ынтымақтастыққа үміт артты.