Сенат төрағасы Иран мен Пәкістан елшілерін қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының Елшісі Горбан Сейфи мен Пәкістан Ислам Республикасының Елшісі Шаукат Али Мукадамды олардың өтініштері бойынша қабылдады, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.
Қ.Тоқаев өз миссиясын аяқтаған Иран Елшісіне табысты жұмыстары үшін ризашылық білдіріп, алғысхат табыс етті. Әңгіме барысында жоғары саяси деңгейдегі Қазақстан-Иран байланыстарының қарқынды дамығаны және парламентаралық үнқатысулар нығая түскені аталып өтілді.
Пәкістан Елшісімен кездесуде Сенат Төрағасы Қазақстан мен Пәкістан парламентшілері арасындағы байланыстарды одан әрі дамыту, сондай-ақ БҰҰ, АӨІСШК, ШЫҰ, ИЫҰ және ЭЫҰ секілді жаһандық және аймақтық ұйымдар аясында екі елдің өзара жемісті іс-қимылын жалғастыру жайында айтты. Қ.Тоқаев Пәкістанның жаңа елшісінің сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету ниетіне қолдау білдіріп, сондай-ақ Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Пәкістанды белсенді түрде қатысуға шақырды. Өз кезегінде Ш.Мукадам Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы екі елдің өзара тиімді ынтымақтастық үшін зор мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.