Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев Елбасының бес институттық реформасына Бюро мүшелерінің назарын аударды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 16 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенаты Бюросының отырысын өткізді. Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының президенттік сайлауға қатысуға келісім беруі Қазақстанның табысты мемлекеттік құрылысы мен тәуелсіздігін нығайтудың маңызды алғышарты болып табылатынын атап өтті.
Қ.Тоқаев «Нұр Отан» партиясының Съезінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басымдық ретінде айқындаған бес институттық реформаларға назар аударды. Сенат Төрағасы оларды жүзеге асыру үшін күш-жігерді біріктіру қажеттігін, біздің мемлекетімізді кешенді түрде жаңғырту мақсатына қызмет ететіне тоқталды.
Бюрода Палатаның 2015 жылғы 19 наурызда болатын кезекті отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар енгізілді. Отырыста: «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің интеграцияланған валюта нарығын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым); «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (екінші оқылым) заң жобаларын қарау жоспарланды.