Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Сенаттың бюро отырысы болды

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен өткен жоғарғы палатаның бюро отырысында Мәжілісте мақұлданған заң жобаларын одан әрі қарастыру үшін негізгі комитеттер белгіленді.

Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Сенаттың бюро отырысы болды

Бюро отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Заңнама және құқықтық мәселелер комитетіне берілді.

Ал «Халықтың көші-қоны туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне тапсырылды.

Бюро отырысында сондай-ақ палатаның 9 маусымда болатын кезекті жалпы отырысының күн тәртібін қалыптастыру жөніндегі комитеттердің ұсыныстары талқыланды.

Алдағы жалпы отырыста Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы (Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту жобасы), зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы бірыңғай реттеу қағидаттары туралы, Қазақстан мен Солтүстік Алтант Шарты Ұйымы арасындағы Ауғанстандағы қауіпсіздікке жәрдемдесу халықаралық күштерінің қызметіне қатысу туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімдерді ратификациялау туралы заң жобалары қаралады.

Сонымен қатар Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы үкіметаралық хаттаманы жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы, Кеден одағы шеңберіндегі даулар бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілердің Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінуі және олар бойынша сот ісін жүргізу ерекшеліктері туралы шарт туралы құжаттарды қарау көзделіп отыр.

Одан басқа депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да талқыға салады.

Депутаттар одан басқа еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне уәкілетті мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы үкіметінің тексерілетін субъектілерге қойылатын талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құзыреттерін қайта қарау, сондай-ақ рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бойынша келісу комиссияларының жұмыс нәтижесін қарайды.

Жалпы отырыста сенаторлар еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне халыққа қызмет көрсету орталықтарының мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша келісу комиссиясының құрамына өз әріптестерін сайлайды.

Депутаттар сонымен бірге отырыста Есеп комитетінің мүшесін қызметке тағайындау туралы мәселені қарайтын болады.