Сенат төрағасы несие беру жөніндегі талаптарды қатаңдатуды ұсынды
Сенат төрағасы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң осы жылдың наурыз айында толық күшіне енуге тиіс екенін еске салды. Ол өмірде қиын жағдайға тап болған борышкерлерге мемлекет жағынан көмек көрсетуге бағытталып отыр.
С. Әшімбаев болашақта банкроттық жағдайдың көбеймеуі үшін қаржы ұйымдары қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін тексеруге жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін айтты.
«Біз тұтынушылардың қарыздары көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Былтырғы қорытынды бойынша несие беру 25%-ға артып, оның көлемі 7,7 трлн теңгеге жетті. Бұл жерде бизнеске қатысты емес, яғни тұтыну несиесі жөнінде айтылып тұр. Сондықтан, болашақта банктер кепілсіз несие алатын адамдарды мұқият тексеруі үшін заңнаманы қатаңдату мәселесін ескеру керек. Егер біз осы бағытта нақты қадамдар жасамасақ, несие беру көбейіп, одан келетін экономикалық және әлеуметтік жағдайдың салдарынан банкротқа тап болатындар қатары да арта береді», - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.