Сенат Төрағасы Норвегия Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісін қабылдады
СТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Норвегия Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Даг Малмер Халворсенді қабылдады,
деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында жүздесушілер Қазақстан-Норвегия қатынастарының қарқынды дамып келе жатқаны және көптеген өңірлік және халықаралық мәселелерді шешудегі екі елдің көзқарастары ұқсас екенін атап өтті. Парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылай келіп, тараптар екі ел парламенттерінің байланысы заң шығару, демократияландыру, құқықтық азаматтық қоғам құру жайында табысты үнқатысуды дамытуға бағытталғаны жайында ойларын ортаға салды.
Сенат Төрағасы үстіміздегі жылғы мамырда Алматыда «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» Трансазиялық парламентшілер жиыны өтетіні туралы норвег дипломатын хабардар етіп, норвегиялық парламентшілерді осы шараға қатысуға шақырды.
Д.М.Халворсен елдер арасындағы екіжақты қатынастарды одан әрі белсенділендіруді жақтайтынын айтты. Ол сондай-ақ ЕҚЫҰ-на Қазақстанның төрағалық етуі табысты болатынына және осы беделді халықаралық ұйымның мәртебесін жаңа жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік болатынына сенім білдірді.