Сенат төрағасы Президент сайлауының нәтижесі туралы: Бұл бірлігіміздің арқасында қол жеткізілген жарқын жеңіс
«Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Президенті сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады. Соған сәйкес ел азаматтарының 81,31 пайызы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дауыс бергені белгілі болды.
Бұл – Мемлекет басшысының ауқымды реформалары мен бастамаларына деген халықтың қолдауы. Сондай-ақ азаматтарымыздың бекем бірлігінің арқасында қол жеткізілген жарқын және айқын жеңіс»-деп жазды Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Сондай-ақ Сенат спикері сайлаудағы халықтың белсенділігін атап өтті Сайлауға 8,3 млн адам немесе барлық сайлаушының 69,44 пайызы қатысқан.
Дауыс беру барысын бақылаған отандық және халықаралық байқаушылар сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және ұлттық заңнамалар мен халықаралық стандарттарға сай өткенін мәлімдеді.
«Осыған орай Қасым-Жомарт Кемелұлын және барша жақтастарын айқын жеңіспен тағы да құттықтаймын! Президентіміздің саясаты аясында бәріміз бірге жаңа, өркендеген, демократиялы және әділетті Қазақстан құрамыз деп толық сенемін»,-деді Мәулен Әшімбаев.
Фото: senate.parlam.kz