Сенат Төрағасы Прокуратура қызметкерлері мен ардагерлерін мерейтойларымен құттықтады

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін егемен Қазақстанның прокуратура органдарының құрылғанына 20 жыл толуына орай Астанада болған салтанатты жиналысқа Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми қатысып, сөз сөйледі.

Сенат Төрағасы Прокуратура қызметкерлері мен ардагерлерін мерейтойларымен құттықтады

Прокуратура қызметкерлері мен ардагерлерін мерейтоймен - еліміздегі басты қадағалау органының 20 жылдығымен құттықтай келіп, Қ.Мәми Қазақстан мемлекетін дамыту мен нығайтудағы, ұйымдасқан қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес, мемлекеттегі құқық тәртібін күшейтудегі қомақты үлесін атап өтті.

«Заңдылықты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда, қылмыспен күресте, билік органдарының қызметін қадағалауда негізгі рөлді прокуратура атқарады»,-деді төраға.

Тұрақты дамудағы және өзгеріп отырған әлеуметтік талаптарға жауап бере алатын сот және құқық қорғау жүйесі мемлекеттің жоғары жетістіктерінің кепілі екенін атап өте келіп Қ.Мәми, прокурорлық қадағалауда құқықтық жағдайларды жетілдіру, прокуратура қызметін заңнамамен қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды.

«Прокурорлардың іс-қимылына заңнамалық тұрғыда кепілдіктер күшейтілді, алдын алу және ескерту жасаудың құқықтық құралдары кеңейе түсті. Прокуратура органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды нығайтуға барлық жағдай жасалды»,-деп атап өтті Қ.Мәми.

Қадағалау органдарының құқық қорғау бағытын атап өте келіп, төраға мамандардың кәсіби біліктілігі, жедел шешім қабылдау, талапшылдық және табандылық деңгейіне байланысты адамдардың заңға сенімі, өмірдің барлық саласындағы құқықтық мәдениеті қалыптасатынын айтты.

Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Мәми прокуратура органдарының құрылғанына 20 жыл толуына орай белгіленген мерейтойлық медальмен марапатталды.