Сенат Төрағасы ТМД-дағы әріптестерімен су мәселесін талқылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Санкт-Петербургтегі ТМД Парламентаралық Ассамблеясының шаралары аясында әріптестерімен бірқатар екіжақты келіссөздер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенат Төрағасы ТМД-дағы әріптестерімен су мәселесін талқылады

Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен жақында құрылған екі елдің Сенаттары арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның байланыстары бойынша өзара парламентаралық іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Мәулен Әшімбаев келесі жылдың бірінші жартысында Қазақстанда Арал өңірінде комиссия отырысын өткізуді ұсынды. Оның айтуынша, Комиссия күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Қазақстан мен Өзбекстанның Арал теңізін қалпына келтіру жөніндегі өзара іс-қимылын талқылау бола алады.

«Жалпы, су мәселесі біздің екіжақты қатынастарымызда ерекше орын алады. Арал теңізінің проблемасын қатар елдеріміздің су-энергетикалық әлеуетін ұтымды пайдалану және трансшекаралық өзендердің экологиясын қорғау мәселелері бойынша диалогты одан әрі жалғастыру маңызды. Қазақстан Президенті атап өткендей, «су дипломатиясы» аясындағы келіссөздердің тезірек аяқталуы біздің елдеріміздің және Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ мүдделеріне сай келеді» , – деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев ресейлік әріптесі – Валентина Матвиенкомен кездесуде де трансшекаралық өзендер мәселесін қозғады. Сенат Спикері Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның алдағы отырысының күн тәртібіне су ресурстарын бірлесіп пайдалану мәселесін қосуды ұсынды.

«Су мәселесі біздің өңіріміз үшін өзекті түйткіл. Тіпті трансшекаралық су ресурстарын ұтымды және ұқыпты пайдалану өңірлік дамудың маңызды факторы болып саналады. Одан бөлек, пандемиядан кейінгі жағдайда тұрақты даму мәселесі де екі елдің парламентшілері үшін маңызды екені сөзсіз» , – деді Мәулен Әшімбаев.

Ол сондай-ақ Сенатта ауылдық аумақтарды кешенді дамыту, оның ішінде инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандарды, бизнесті өркендету, жұмыс орындарын құру мәселелеріне баса мән берілетінін еске салды. Сондықтан Сенат Төрағасы осы бағытты заңнамалық қамтамасыз ету бойынша ресейлік әріптестерімен тәжірибе алмасуды ұсынды.