12:39, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Сенат Төрағасының орынбасары Отырар ауданынан келген ақсақалдармен жүздесті
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей мен сенатор Қуаныш Айтаханов Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданынан елордаға келген Ұлы Отан соғысы, тыл және еңбек ардагерлерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Отырар қазақтың ықылым заманнан бері кие тұтып келе жатқан өңірі, ол жердің қойнауы тарихқа толы. Әрине, бүкіл адамзатқа атағы шыққан ғалым бабаларымызды тудырған, өркениеттің орталығы болған Отырардың кешегі тарихының өзі тым тереңде жатыр. Сонымен бірге бергі тарихқа үңілетін болсақ, келесі жылы Отырар ауданының құрылғанына 75 жыл толғалы отыр. Арғы тарихты айтпағанның өзінде, осы жақын 75 жылдықтың ішінде киелі Отырардан талай ғалымдар, қазақтың дарынды біртуар тұлғалары дүниеге келді. Сондықтан да мұндай киелі өлкеде әлі де елдің атын шығаратын алып ұрпақтың өсіп жетілетініне үлкен сенімдемін», - деді ақсақалдардың елордаға келген қадамдарына құт тілеген сенатор М. Көпей. Тоқтала кететін жайт, ғұлама әл-Фарабидің кіндік қаны тамған Отырар ауданынан 200-ден астам ғылым докторлары мен кандидаттары шыққан екен.
Сонымен бірге Төраға орынбасары бүгінгі Астананың қарқынды дамуы жайында әңгімелеп, елорданың өткен онжылдығында жеткен жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Жүздесу барысында сондай-ақ заң шығарушы биліктің қызметі, Парламенттегі өңірлік мәселелердің талқылануына байланысты да әңгіме қозғалды.
Ақсақалдар тарапынан халық қалаулыларының еңбектеріне ризашылық білдіріліп, тәтті тілектер, баталы сөздер айтылды. Жаңа Астананың бүгінгі көркем келбетіне қатысты әсерлерімен бөлісті.