Сенат ҰҚШҰ хатшылығының кадр мәселесіне арналған құжаты мақұлданды

Сенат
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды, деп хабарлайды Kazinform.

Жарғыға өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттамаға 2022 жылғы 26 тамызда қол қойылған.

«Хаттама Жарғының 8-ші және 17-баптарына толықтырулар енгізуді көздейді. Біріншіден, Жарғының 8-бабына Ұйымға мүше мемлекеттерге биологиялық қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2020 жылы COVID-19 коронавирус пандемиясын жариялауына байланысты Ұйымға мүше мемлекеттер биологиялық қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтауды бастады. Атап айтқанда, ұйым аясында биологиялық әрі пандемиялық қатерлердің алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл саласындағы қызмет пен ынтымақтастықты үйлестіру мақсатында Ұйымға мүше мемлекеттердің биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарының Үйлестіру кеңесі құрылды», - деді сенатор Дархан Қыдырәлі.

Осыған байланысты Ұйым Жарғысын биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастықты қосу туралы нормамен толықтыру ескерілген.

Бұдан басқа, Ұйым Жарғысының 17-бабына Ұйымның сыртқы істер министрлері Кеңесінің ұсынымына сәйкес және Ұйымның ұжымдық қауіпсіздік Кеңесінің шешімі бойынша Ұйымның Бас хатшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға мүмкіндік беретін толықтыру енгізіледі. Ұйымның нормативтік құқықтық базасында Бас хатшыны мерзімінен бұрын босату тәртібі реттелмегенін атап өткен жөн. Бұл жағдай 2018 жылы Бас хатшы өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанда айқын аңғарылды. Халықаралық ұйымдардың тәжірибесінде бірқатар себепке байланысты бас әкімшілік лауазымды адам өз орнын мерзімінен бұрын босататын жағдайлар туындайды. Мәселен, жеке жағдайларға байланысты өз қалауы бойынша босайды немесе оны жіберуші мемлекет кері қайтарып алады.

«2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұйымға төрағалық ету кезегі Қазақстанға өтеді. Таяуда Минскіде өткен Ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан төрағалығы кезінде Ұйым қызметі бойынша басым бағыттарды айқындап берді. Сондықтан заңның қабылдануы Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге және мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар