Сенат үлескерлікті реттеп, азаматтық қорғаныс жүйесін нығайтатын заңдарды қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған 6 заңды талқыға салады.

Сенат үлескерлікті реттеп, азаматтық қорғаныс жүйесін нығайтатын заңдарды қарайды
Коллаж: Kazinform

Олар мыналар:

  1. «2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы»;
  2. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым);
  3. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
  4. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым, ілеспе заң);
  5. «Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы»;
  6. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нысаналы капитал қорларының және эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) қызметі, сондай-ақ Арал маңының қазақстандық бөлігінің экологиялық қолайсыз аумағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар (бірінші оқылым, ілеспе заң).

Сенаторлар талқылауына шығарылып отырған бірінші заңды Мәжіліс 14 мамырда қабылдаған еді. Сол кезде Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры 6 мемлекет тарапынан 2009 жылы дағдарысқа қарсы аймақтық механизм ретінде құрылғанын атап өткен болатын. 

 Дәурен Кеңбейіл
Фото: Қаржы министрлігі

- Жинақталған тәжірибе мен әлемдік экономикалық саясаттағы өзгерістерді ескере отырып, қордың қызметін қайта қарау қажет. Хаттамаға сәйкес, келесідей түзетулер енгізіліп отыр. Олар: қорды толыққанды дербес халықаралық ұйымға айналдыру, қордың штаб-пәтерін Астана қаласында ашу, жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру үшін ұлттық валюталарды пайдалану, техникалық көмекті ұсыну, қорда дауыс беру принципін анықтау. Бұл тұрғыда қорды толыққанды дербес халықаралық ұйымға айналдыру қордың жұмысын жандандыруға мүмкіндік береді. Жаңа мәртебені алу арқылы қордың қызметі Қазақстанның экономикасына да елеулі үлес қосады деген сенімдеміз, - деді Д. Кеңбейіл.

Ал Мәжіліс қабылдаған тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу ережесін жетілдіретін заң тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттарын электрондық нысанда жасауға мүмкіндік бермек. 

Заңда мынадай жаңашылдықтар бар:

  1. Салынып жатқан тұрғын үйлерді жарнамалау үшін жергілікті әкімдік рұқсат беріп, Қазақстан тұрғын үй компаниясы кепілдік ұсыну шарт.
  2. Салынып жатқан көппәтерлі үйден үлестік жолмен пәтер сатқысы келетін компанияға төлемді ақшалай қабылдауға тыйым салынбақ. Ол үшін «Төлемдер және төлем жүйелері туралы», «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңдарға түзетулер енгізілді.
  3. «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңның аз қабатты құрылыстарға да қолданылмақ.
  4. Рұқсатсыз салынып жатқан үйден пәтер сатып алуға ипотекалық қарыз беруге тыйым салынады.
  5. Үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алмай тұрып ақша тартқан компанияларға 2000 АЕК (7 млн 384 мың теңге), дайын емес пәтерлерді жарнамалаған компанияларға 1000 АЕК (3 млн 692 мың теңге) айыппұл салу көзделген.

Азаматтық қорғау мәселелері туралы және оған ілеспе заңды да Мәжіліс бұған дейін екінші оқылымда қабылдан-ды. Сол кезде жұмыс тобының жетекшісі Аян Зейнуллин заңнамалық өзгерістер қызметкерлердің мәртебесін көтеру арқылы азаматтық қорғаныс жүйесін нығайту, адам саны көп нысандарды пайдалануға қабылдау кезінде өртке қарсы бақылауды қалпына келтіру, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қарастыратынын жеткізді.

 Аян Зейнуллин
Фото: parlam.kz

– Екінші оқылымға дайындық барысында құжатқа депутаттар тарапынан жаңа нормалар енгізілді. Олардың қатарында өрт салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтірілген жағдайда адам жаппай жиналатын объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру, жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штаб құру және оның қызмет тәртібін айқындау және басқалар кіреді, – деді А. Зейнуллин.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң азаматтық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді кешенді түрде шешуге, құқықтық нормаларды жетілдіруге және жауапты органдардың тиімділігін арттыруға бағытталған. Заң жобасының негізгі жаңалығы — азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесін бекіту және әлеуметтік жағдайын арттыру.

Жұмыс тобының талқылаулары барысында заң жобасына депутаттар тарапынан көптеген түзету ұсынылып, олардың басым бөлігі нақтыланып, заңнамалық техниканың талаптарға сай жетілдірілді.

Олардың ішінде мыналар бар:

  • қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру мүмкіндігі және тұрғын үй төлемдері арқылы азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін шешу;
  • өрт кезінде үшінші тұлғаларға келтірілген зиян үшін жауапкершілікті міндетті сақтандыруды енгізу;
  • ерiктi өрт сөндірушілерге еңбек кепілдігі мен өтемақы төлеу құқығын белгілеу;
  • инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін инфляциялық тәуекелдерді ескеретін электр қуатына жеке тарифтер енгізу;
  • мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің ашықтығын арттыру мақсатында үлестес тұлғалардың аукционға қатысуына тыйым салу.

Мұнан бөлек, Мәжіліс нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Жұлдыз Сүлейменова құжатты қарау нәтижесінде активтерді сенімгерлік басқаруға берудің шекті мөлшері 10 мың АЕК деп белгіленіп, депутаттардың ұсынысымен әкімшілік-шаруашылық шығыстардың шекті көлемі инвестициялық кірістің 15 пайызын немесе таза активтердің орташа құнының 0,5 пайызын құрайтынын айтты. Нысаналы капитал қорын құру кезінде алушының жазбаша келісімін алу талабы енгізілді. Бұл ұйымдардың келісімінсіз олардың атынан қор құру мүмкіндігін шектейді.

мәжілісмен
Фото: Мәжіліс

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң мен оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.

Аталған заңдар аумақтық қорғаныс жүйесінің жұмысына арналған нормативтік база қалыптастыруды көздейді. Олар Президенттің, Үкіметтің және Қорғаныс министрлігінің өкілеттіктерін бекітеді және меншік түріне қарамастан басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың рөлін анықтайды.

- Мақұлданған заңдар мемлекеттің аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіру және осы саладағы қоғамдық қатынастарды заңнамалық деңгейде реттеу мақсатымен әзірленген. Жаңа заңда аумақтық қорғаныстың мақсаты мен міндеттері және қағидаттары мен іс-шаралары айқындалды. Аумақтық қорғаныс жүйесін ұйымдастыруға жауапты барлық тараптың міндеттері мен құзыреттері де белгіленді. Сондай-ақ саланы мемлекеттік бақылау жүйесі жан-жақты реттеліп отыр. Алдағы уақытта бұл заңдар аумақтық қорғаныс жүйесінің әлеуетін күшейтуге және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз, – деген еді сол кезде Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысына шығарылған мәселелер қаралып болғаннан кейін бірқатар сенатор депутаттық сауал жолдады. Атап айтқанда, Айнұр Арғынбекова паллиативтік көмек жүйесін реформалау мәселесіне тоқталса, Сұлтан Дүйсембинов бау-бақша шаруашылығындағы өзекті проблемаларға назар аударды. Ал Әсем Рахметова еліміздегі архив ісінің дағдарыстық жағдайына алаңдаушылық білдіріп, аталған саладағы инфрақұрылымға, цифрландырудың төмен деңгейіне, кадрлардың тапшылығына және мардымсыз қаржыландыруға қатысты түйткілдерді атап өтті. Ләззат Рысбекова ҚТЖ-ның Орал бөлімшесін таратудың салдары туралы айтып, осы мәселеге Үкіметтің назарын аударды. Руслан Рүстемов болса балалар әдебиетін дамытудың ұлттық стратегиясын қабылдаудың, цифрлық платформа құрудың және мобильді кітапханалар арқылы қолжетімділікті кеңейтудің маңызды екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар