18:04, 28 Сәуір 2014 | GMT +5
Сенат вице-спикері ТүркПА Бас хатшысын қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Жандос Асановпен кездесті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарлады.
Тараптар әңгіме барысында 11-13 маусым күндері Баку қаласында өткізу жоспарланған ТүркПА-ның V жалпы сессиясына әзірлік мәселелерін, сондай-ақ Ассамблеяның тұрақты комиссиялары мен басқа да жұмыс органдарының қызмет барысын талқылады.
Сөз арасында сенатор Асқар Бейсенбаев түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықта Парламенттік Ассамблеяның маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар ол ұйымға мүше елдер арасындағы екіжақты және көпжақты тұрпаттағы ынтымақтастықтың құқықтық аясын жетілдіруге ықпал ететін ТүркПА-ның сараптамалық әлеуетін жинақтауға қазақстандық тараптың мүдделі екенін жеткізді.