Сенат заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы құжатты Мәжіліске қайтарды
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен Сенат заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Аталған құжат Қазақстанның 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген. Осыған орай заң жобасымен тіркеу рәсімдерін оңайлату, сондай-ақ коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласуына тосқауылдар қою жөніндегі заңнамалық нормалар көзделеді.
Атап айтқанда, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдарын есептік тіркеу мерзімдері одан сайын қысқартылып, бұл туралы куәліктің қағаздағы нысанын электрондық анықтамамен ауыстыру қарастырылады. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеудің рұқсат беру тәртібінен хабарлама тәртібіне көшіру белгіленеді. Интернет желісі арқылы тіркеулер енгізіледі.
Құжатты талқылау барысында сенаторлар бірқатар өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, жоғары палата депутаттары заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті анықтамамен ауыстыру туралы ұсыныс жасады. Бұдан бөлек, бірқатар редакциялық нақтылау сипатында түзетулер жасалды.