Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының отырысында Талдау мектебін құру ұсынылды
Отырыста ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев мұндай мектепте тыңдаушылар талдау мәтіндері мен зерттеу әдіснамасын жазу сияқты қолданбалы тәсілдерді, деректер базасымен жұмыс істеуді, мемлекеттік басқаруда, халықаралық қатынастар мен дипломатияда қолданылатын аналитикалық әдістерді меңгеруге мүмкіндік алатынын атап өтті.
Дәріс оқу және тренингтер өткізу үшін белгілі қазақстандық сарапшылар мен зерттеушілерді шақыру жоспарланып отыр.
«Шын мәнінде, қазір көп салада талдау тәсілдерінің әлсірегені байқалады. Мұндай үрдіс, әсіресе, мемлекеттік басқаруда айтарлықтай мәселе тудырып отыр. Себебі, бұл саладағы шешімдер салмақты талдаулар мен зерттеулер негізінде қабылдануы керек. Өкінішке қарай, қазір көптеген шешімдер қалыптасқан жағдайға байланысты, туындаған қиындықтарға жауап ретінде ғана қабылданады. Клубтың алдыңғы отырыстарының бірінде мен мұндай жағдай әлемдегі гуманитарлық білімнің дағдарысымен байланысты екенін айтқан едім. Осы ретте Клуб мүшелерінің қоғамдық Талдау мектебін құру туралы ұсынысын өзекті және уақтылы деп есептеймін. Алдағы уақытта еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірінің гуманитарлық факультетімен ынтымақтаса жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылуда. Осы ретте Мектеп жұмысына қолдау көрсетуге дайын екенімді де айтқым келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.