Сенат жер қатынастарын реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен заң жобасы Парламент Мәжілісіне қайтарылды.
Аталған заң жобасына Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Құжат жер заңнамасын жетілдіруге, Жер кодексінің жекелеген ережелеріндегі қайшылықтар мен әркелкіліктерді жоюға бағытталған. Сонымен қатар заң жобасы «Нұр Отан» ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық кеңестің шешімдерін орындау мақсатында әзірленген болатын. Заң жобасында жерді резервке қалдыруға байланысты қатынастар бойынша құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою мақсатында Жер кодексі жаңа баппен толықтырылады. Онда жерді резервте қалдырудың негіздері, тәртібі және мерзімдері айқындалып, жергілікті атқарушы органдардың осы мәселе бойынша құзыреті нақтыланған. Яғни, жерді резервке алуға жергілікті органдарға құқық беріледі. Бұдан бөлек, нарықтық тетіктер ескеріліп, елді мекендер аумақтарын бағалай отырып, жерді аймақтарға бөлу мәселелері ретке келтірілмек. Бұған сәйкес, жер учаскелерін елді мекендерде жекеменшікке беру кезіндегі олар үшін төлемақының базалық ставкаларын белгілеу мәселелері облыстық, Астана және Алматы қалаларының өкілді және атқарушы органдарының құзыретіне жатқызылады. Қолданыстағы заң жобасы бойынша ондай ставкалар тек қана Үкімет қаулысымен бекітіліп келген еді. Ал ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскелерін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жалға беру мәселесі бойынша бірқатар шектеулер енгізіледі. Сонымен қатар, шетелдіктерге қойылатын дәл осындай шектеулерді жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі 50 пайыздан асатын қазақстандық заңды тұлғаларға да қолдану белгіленіп отыр. Яғни, ендігі күні шетелдіктерге жер беру мәселесі қатаң қадағаланады. Бұдан бөлек, заң жобасында Алматы қаласында ортақ пайдалану жерлерінде, көше жиектерінде ақылы автотұрақтарды салу мәселелерін ұйымдастыру нормалары енгізілген.
Заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу барысында палата депутаттары бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, заң жобасының нормалары Жер кодексіне сәйкес нақтыланды. Құжаттың жергілікті атқарушы органдардың жерді резервке қалдыру жөніндегі құзыретін көздейтін жаңа баппен толықтырылуына байланысты, тиісті уәкілетті органдардың құзыретіне ұсыныстар мен шешімдердің жобаларын дайындау жөніндегі толықтырулар енгізілді. Осыған байланысты заң жобасы Парламент Мәжілісіне қайтарылды.