Сенат Жоғарғы Сот судьяларын қызметтен босату туралы мәселені қарайды

АСТАНА. 13 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Сенат төрағасы Қайрат Мәми Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Бюросының қаулысына қол қойды.

Сенат Жоғарғы Сот судьяларын қызметтен босату туралы мәселені қарайды

Ол бойынша 16 мамырда болатын Сенаттың кезекті жалпы отырысының күн тәртібі де бекітілді. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметінен хабарланды.

Жалпы отырыста сенаторлар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау және қызметінен босату мәселелерін қарайды. Бұдан бөлек, палата еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылтуға бағытталған заң жобасын қарайтын болады. Сонымен қатар, жалпы отырыста зейнетақымен қамсыздандыру және кейбір заңнамалық актілерге зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ілеспе заң жобаларын (бірінші оқылымда) талқылау көзделіп отыр.

Сонымен бірге, Бюро барысында Сенаттың тұрақты комитеттері мен Аппаратқа Парламент Мәжілісінде мақұлданған халықаралық келісімдерді ратификациялау туралы екі құжат және бірқатар заң жобалары берілді.