Сенат Жоғарғы Сот судьяларын лауазымынан босатты
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 3 судьясын лаузамынан босатты және Жоғарғы Сот судьялары лауазымына бірқатар азаматтарды сайлады.
«Бағдат Ахметовты, Ғалихан Бабаховты, Александр Кравченконы ҚР Жоғарғы Сот судьясы қызметтерінен түсуіне байланысты, оларды босату туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынымдарын Сенатқа енгізіп отырмыз. Аталған судьялар зейнеткерлік жасқа жетті. Соған орай олар отставкаға кету туралы арыздарын жазған. Судьялар сот жүйесінде қызмет атқарған аралықта өздерін беделді және тәжірибелі судья ретінде көрсетті», - деді ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақов.
Осыған орай, Сенат Мемлекет басшысының ұсынысын қабылдап, судьяларды лауазымынан босатты. Ал, Сенат спикері судьялардың құрметті отставкаға кетуіне байланысты олардың қызметін жоғары бағалап, алғысын жеткізді. Сонымен қатар Сенат ҚР Жоғарғы сот судьялары лауазымына Бағдат Мақұлбековты, Жаңылсын Арқарованы, Гүлнәр Рысбекованы, Айгүл Сапарованы, Бауыржан Жұмағұловты сайлады.
Осыған орай жаңа лауазымға сайланған судьялар Сенат депутаттары алдында ант қабылдады.