Сенат «Жол жүрісі туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Жол жүрісі туралы» ҚР Заңын екінші оқылымда талқылады.
Құжатқа бірқатар түзетулер енгізілгендіктен заң жобасы Парламент Мәжілісіне қайтарылды.
Аталған құжат жол қозғалысын тиімді ұйымдастыруды арттыруға, жол қозғалысы үдерістерін басқарудың мемлекеттік жүйесін жетілдіруге бағытталады. Заң жобасында мүдделі мемлекеттік органдардың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі құзыреті мен міндеттері айқындалады. Бұдан бөлек, елімізде жол қауіпсіздігі аудит институтын енгізу көзделеді. Бұл институт адами фактордан болатын жол апаттарын азайтуға септігін тигізбек. Аудит институты негізінен дер уақытында өзгерістер енгізу үшін жобалау кезеңінде немесе құрылыстың бастапқы кезеңдерінде жолдың техникалық жобасындағы қауіпсіздік қаупін анықтауға мүмкіндік береді. Ал сараптама барысында ұсынылатын жаңа немесе жаңартылған жол ашылғаннан кейін оны пайдалану деңгейі бағаланады.
Бұдан бөлек, жол қозғалысына қатысушылардың құқықтары мен міндеттері бекітіліп, онда азаматтардың құқығын шектейтін және қорғайтын нормалар қамтылып отыр. Сонымен қатар, құжат бойынша көлік құралдарына, оларға техникалық қызмет көрсету талаптарына қатысты нормалар жеке қарастырылып отыр. Көлікті басқаруға рұқсат беретін құжат БҰҰ тұжырымдамасының талаптарына сәйкес болады. Яғни, жүргізуші куәліктерінің жаңа түрлері енгізіледі. Онда 7 санат пен 6 санаттың тармақшалары қамтылады. Бұдан бөлек, айыппұл салуларда да біршама өзгерістер қаралады. Мәселен, айыппұл егер салынған уақытынан бір тәулік ішінде төленсе оның мөлшерінің 50 пайызын ғана өтеу, егер апта ішінде төленсе оның 30 пайызын азайту көзделеді. Мүгедектерге арналған орындарға автокөліктерді тоқтатуға, көлікпен тоқтауға қатысты ережені бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Жүргізушілерді даярлау тәртібін бұзғандарға да жауап қатаяды.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлар тарапынан бірқатар түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, Сенат заң жобасынан «жүргізудің агрессивті әдісі» ұғымын алып тастауды ұсынады. «Бұл норма ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «маневр жасау, басып озу қағидаларын бұзғаны немесе көлік құралының қозғалысына кедергі жасағаны» үшін жауаптылық белгілейтін бірқатар баптарымен қамтылып отыр», - дейді сенатор Серік Ақылбай. Оның айтуынша, заң жобасына сенаторлар жиырмадан астам ұсыныстар енгізген.