Сенат зияткерлік меншікті қорғауды дамытуға арналған заңды мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Бұл заңның мақсаты – зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды жетілдіру, креативті экономиканың дамуына қолайлы жағдай жасау, инвестициялар тарту және осы саладағы құқықтық реттеуді тиімді әрі заманауи талаптарға сәйкестендіру. Заң жобасы авторлық құқық, сабақтас құқықтар, тауар таңбалары, патенттер және өзге де зияткерлік меншік объектілеріне қатысты нормаларды нақтылайды және дамытады.
- Оның ережелері Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін, соның ішінде Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы аясындағы талаптардың, сондай-ақ цифрландырудың және креативті индустрияның дамуының заманауи үдерістерін ескереді. Заң жобасымен келесі негізгі өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Біріншіден, эфирлік және кабельдік хабар таратушы ұйымдардың өз хабарларын, оның ішінде қайта трансляциялау құқықтарын нақтылау көзделеді. Бұл құқық иелерін қорғауды күшейтеді және контентті рұқсатсыз пайдалануға жол бермейді. Екіншіден, көру қабілеті бұзылған азаматтардың авторлық құқықпен қорғауға алынған шығармаларға қол жеткізу мүмкіндігі кеңейтіледі, яғни заңды жарияланған шығармаларды арнайы қолжетімді форматтарда таратуға, көрсетуге және орындауға құқық беріледі. Бұл инклюзивті қоғам құру қағидасын қамтамасыз етеді, - деді сенатор Жанна Асанова.
Үшіншіден, тауар таңбаларына берілген өтінімдерді жеделдете сараптаудың жаңа тетігі енгізілуде. Жеделдетілген тәртіппен алдын ала сараптама он жұмыс күні ішінде, ал толық сараптама үш ай ішінде жүргізіледі. Салыстырмалы түрде айтсақ, әдеттегі тәртіпте бұл мерзімдер тиісінше бір ай және жеті ай болған. Бұл жаңашылдық тауар таңбаларын тіркеу үдерісін айтарлықтай жеделдетеді, бұл әсіресе шағын және орта бизнес субъектілері үшін аса маңызды.
Төртіншіден, тауар белгісін тіркеуге қарсылық білдіру мерзімі 1 айдан 2 айға дейін ұзартылды. Бұл мүдделі тұлғаларға құқықтық дәлелдерін сапалы дайындауға мүмкіндік береді.
Бесіншіден, тауар белгілерін тіркеуден бас тарту негіздері нақтыланады, оның ішінде қызмет көрсету орны ескеріледі. Бұл түзету құқықтық айқындықты арттыруға және нарық қатысушылары арасындағы дауларды алдын алуға бағытталған.
- Алтыншыдан, өнертабысқа патент беруден ресми сараптама кезеңінде-ақ бас тарту мүмкіндігі енгізіледі. Бұл өтінімдерді қарау уақытын қысқартады және патент сапасын арттырады. Сонымен қатар, заңда құқықтарды ұжымдық басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған түзетулер көзделген. Ол үшін бұл жүйе цифрландырылып, құқықтарды ұжымдық басқару саласында бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі. Бұл авторлар мен құқық иелерінің өз туындыларының пайдаланылғаны үшін ұжымдық басқару механизмі арқылы әділ сыйақы алуына мүмкіндік береді, - деді депутат.
Атап айтқанда, заңдағы маңызды жаңалықтардың бірі, осы бірыңғай цифрлық платформаны енгізу нормасы. Оны енгізу, басқару, ақпаратпен толықтыру қызметін қамтамасыз етіп, жүйелік-техникалық қызмет көрсету жұмыстарын Әділет министрлігіне бағынысты мамандандырылған ұйым – «Ұлттық зияткерлік меншік институты» жүзеге асырады.
Осыған байланысты ұжымдық негізде құқық басқаратын ұйымдар үшін бірқатар міндеттер белгіленеді, оның ішінде:
- бірыңғай платформаны пайдалану,
- жиналған, бөлінген және төленген сыйақы туралы мәліметтерді платформаға енгізу,
- басқаруға берілген құқықтар туралы ақпаратты жариялау және осы ұйымдардың қызметінің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған өзге де міндеттер қарастырылған.
- Платформаны енгізу ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымдардың қызметін ашық етеді. Бұл ретте, енді авторлармен шарт жасасудан бастап, сыйақыны төлеуіне дейінгі барлық үдерістер айқын болады. Авторлар мен құқық иеленушілерге қолжетімділік беріліп, бұл өз кезегінде ұжымдық құқықтарды басқару жүйесіне деген сенімді арттырады. Сонымен қатар, заңнамада терминологиялық өзгеріс енгізіліп, «мүліктік құқықтарды ұжымдық басқару ұйымы» атауы «құқықтарды ұжымдық басқару ұйымы» деп нақтыланады. Заң мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақтылай отырып, реестрлер жүргізу тәртібін жетілдіреді және зияткерлік меншік объектілерін тіркеу кезіндегі теріс әрекеттер мүмкіндігін жояды, - деді Ж. Асанова.
Бұған дейін зияткерлік меншік авторлары құқығының ашықтығы мен қорғалуын күшейту үшін авторлық және ұжымдық басқару саласында цифрлық платформа енгізілетінін жазған едік.