Сенатор А.Бижанов: Ауылдарда көпшілікке қолжетімді спорттық құрылғыларды орнату дәстүрін қайта жандандыру қажет
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - «Еліміздің әр ауылында қалың көпшілікке, әсіресе, жастарға қолжетімді спорттық құрылғыларды орнату игі дәстүрін қайта жандандыру қажет»,
- деді бүгін «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңының орындалу барысына байланысты Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевпен кездесу барысында сенатор Ақан Бижанов.
Оның сөзінше, жоғары деңгейдегі жетістіктері бар спорттың, кез келген мемлекеттің әлемдік аренадағы жағымды бейнесін қалыптастыруға ықпал ететіні белгілі. Сондай-ақ бұқаралық спортты қарқынды дамытпайынша, елдегі демографиялық және әлеуметтік мәселелерді де шешу іс жүзінде мүмкін емес.
«Биылғы жылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та салауатты өмір салтын қалыптастыру мен дене шынықтыру және спортпен айналысудың әлеуметтік әлеуетті жетілдіруге зор септігін тигізетінін атап өтті. Ал бұл жағдай қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етпек. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін, құзырлы министрліктер мен ведомстволар және әкімдіктер тарапынан дене шынықтыру мен спортты дамыту бағытында нақты іс-шаралар жүзеге асырылуы керек. Мемлекет басшысының айтуынша, салауатты өмір салты мен спортты дамыту бағытында шешілмеген проблемалар жетерлік. Нақтырақ айтқанда, ол бірінші кезекте спорттық нысандар мен сауықтыру орталықтарының және тренажер залдарының бағаларының тым қымбат болуымен байланысты»,-деді сенатор.
Оның сөзінше, елде спорттық құрылғылар мен олардың тиімсіз пайдаланылуы жағдайға кері әсерін тигізіп отыр. «Спорт саласында кәсіби маман тапшылығы және салауатты өмір салтын қалыптастыруды қажетті деңгейде насихаттай алмау - үлкен мәселе. Мысал ретінде айтқанда, еліміздің бірқатар қалаларындағы тұрғын үйлердің аулаларында арнайы жарақтандырылған спорттық құрылғылар жоқ. Осы ретте еліміздің әр ауылында қалың көпшілікке, әсіресе, жастарға қолжетімді спорттық құрылғылар орнату жөніндегі игі дәстүрді қайта жандандыру қажеттігін айтқым келеді. Бәлкім бұл құрылғылар қажетті талаптарға 100 пайыз сай болмауы мүмкін. Десек те, балаларға қажетті футбол және баскетбол алаңдарын қалпына келтіруіміз керек»,-деді А.Бижанов.