Сенатор: Ақпараттық жүйедегі ақаудан фермерлер субсидияға өтініш бере алмай әлек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақпараттық жүйедегі техникалық ақау салдарынан фермерлер субсидия алуға өтініш бере алмай отыр. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Евгений Больгерт өзінің депутаттық сауалында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің проблемалары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Сенатор биылғы 1 қаңтардан бастап, фермерлерге субсидия алуға өтінімдер беру жаңа gosagro.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асатынын еске салды. Бірақ, қазір фермерлер жүйенің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты өтінім бере алмай отыр.

«Онда бірқатар бағыттар бойынша субсидия алуға өтінімдер беруге мүмкіндік жоқ. Мәселен, жүйе субсидия алу үшін қажет барлық құжаттың жиынтығын қабылдамайды. Құны 30 млн теңгеден сәл асатын жаңбырлатып суаратын машинаны сатып алу үшін субсидияға өтінім беру кезінде жаңа gosagro.kz жүйесі 46 миллиард теңге сомасын есептейді. Осы орайда, ондағы тиісті қызмет мұндай қате өтінімдер қабылданбайды деп, бірден жауап береді. Олар кемшіліктерді түзетуге уәде бергенімен, ешқандай өзгеріс жоқ. Жүйенің қателіктерін шаруалардың өздері де, олардың есепшілері де түзете алмай отыр», - деді Евгений Больгерт.

Депутат бұл жағдай көктемгі егіс науқанына дайындық тұсында, яғни шаруаларға жанар-жағармай материалдарына, тыңайтқыштарға, қосалқы бөлшектерге қаржы қажет болған кезде болып жатқанын айтты.

«Осы орайда, Үкімет gosagro.kz ақпараттық жүйесінің жұмысындағы техникалық кемшіліктерге шұғыл түрде назар аударуы керек», - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар