Сенатор Андрей Лукин: Сенат азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді

АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Сенатының депутаты Андрей Лукин Астана қаласы «Алматы» ауданының тұрғындарымен кездесті. Онда аудандағы өзекті әлеуметтік мәселелер кеңінен талқыланды.

Сенатор Андрей Лукин: Сенат азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді
Фото: ҚР Парламент сенатының баспасөз қызметі

Кездесуде көтерілген басты түйткілдердің бірі жаңа білім беру және медициналық мекемелердің құрылысына қатысты болды. Тұрғындар халық санының көбейіп келе жатқанына назар аударып, осыған байланысты туындайтын қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін қосымша мектеп, емхана және балабақшалар салу керек екенін айтты. Мәдени демалыс мәселесі де әңгімеге арқау болды. Азаматтар ауданның мәдени өміріне тың серпін беретін іс-шаралар мен шығармашылық жобалар көбірек ұйымдастырылғанын қалайтындарын жеткізді. 

Сенатор барлық мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, Палатаның заң шығару қызметіне де тоқталып өтті.

«Сенат қызметі азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды және қоғамның жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасауды көздейді. Біз өмірдің барлық саласын, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау және мәдениетті дамытуға ықпал ететін заңдарды қабылдап, жетілдіру бойынша белсенді жұмыс істеп келеміз. Басты мақсатымыз – жастарға сапалы білім беруді қамтамасыз ету, азаматтарға жоғары деңгейдегі медициналық қызмет көрсетуге қол жеткізу және мәдени мұраны дамытып, шығармашылықты қолдау», - деді Андрей Лукин.

Сонымен қатар депутат «OzgeEpic» алғашқы ірі креативті хабтың ашылу рәсіміне қатысты.

Аталған хаб бәсекеге қабілетті заманауи өнерді дамыту, қоғамның мәдени санасына серпін беру, сондай-ақ дарынды және зияткер жастарды қолдап, оларға тәлімгерлік көрсету мақсатымен құрылып отыр.