Сенатор «ART Sport» бағдарламасындағы кемшіліктерді атады

АСТАНА. KAZINFORM — Сенатор Геннадий Шиповских өзінің депутаттық сауалында бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуы, спорт инфрақұрылымының талапқа сай келмеуі, «ART Sport» мемлекеттік бағдарламасының тиісті жүйелі бақылауының болмауы мәселелері туралы айтып берді.

геннадий шиповских
Фото: Сенат

Депутаттың сөзіне қарағанда, «ART Sport» бағдарламасы бұқаралық спортты дамыту және балаларды тегін секциялар мен үйірмелерге тарту үшін іске қосылған. Алайда іске асыру барысында күрделі мәселелерге тап болыпты.

Сенатор қаржы алаяқтығы деректерін алға тарта отырып, кейбір кәсіпкерлер балаларды атүсті тіркегені және сабақ өткізбегенімен қоса, қаржысынан бас тартпағанын жайып салды. Балалардың сабаққа қатысуын растайтын электрондық жүйе болмағандықтан, жалған мәліметтер ұсынылып, бюджеттен артық қаржы алғаны анықталған. Көптеген спорттық нысандарда ыстық су, душ, ауа желдеткіші, өрт қауіпсіздігі жүйелері жоқ.

Оқу-жаттығуға қажет құрал-жабдықтар жетіспейді. Жаттықтырушылардың біліктілігі төмен, олардың көпшілігі тиісті сертификаттарға ие емес.

Сонымен қатар ауылдық жерлерде спорт секциялары жеткіліксіз, ал балалар ірі қалаларға қатынай алмайды және қаржыландыру тетіктерінің жетілдірілмеуі салдарынан кейбір өңірлерде бағдарлама жартылай немесе толық тоқтап қалған. Мәселен, осындай заң бұзу деректері Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Павлодар облыстарында тіркелген.

- 2022-2023 жылдары бағдарлама аясында түрлі заң бұзу деректері бойынша 38 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, 43 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 600-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, оларға тиесілі қаражат қайтарылды. Сондай-ақ, 22 қылмыстық іс қозғалып, 8 адам сотталды. Ең сорақысы – республика бойынша іс жүзінде сабаққа қатыспаған 8 мыңнан астам баланың тіркеуі белгілі болды. Сонымен бірге, 164 секция санитарлық талаптарға сай келмейтін жертөлелерде, пәтерлерде және жабдықталмаған залдарда өткізілген. Бағдарламаның сапасын бақылау тетіктерінің жоқтығы оның негізгі мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік бермеген, - деді Геннадий Шиповских Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Депутат осыған байланысты Үкіметті бірқатар түзету енгізуге шақырды. Атап айтқанда, мемлекеттік спорт саласында тапсырысты қаржыландыруды аудандық және қалалық деңгейлерге беру, бұл үлкен икемділік пен ашықтықты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жалған тіркеулер мен теріс әрекетті болдырмау үшін қатысуды есепке алудың биометриялық жүйесін енгізу ұсынылды.

Сенатор балаларды тұрғылықты жері бойынша секцияға әділ бөлу және спорт инфрақұрылымына қойылатын талаптарды қатаңдатудың маңыздылығын атап өтті.

Еске салсақ, былтыр күзде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров «Artsport» бағдарламасына бөлінген қаржыны жымқыру күдігіне іліккендерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарының аяқталғанын айтты. 

Соңғы жаңалықтар