Сенатор Астанадағы мейрамханаларды қала шетіне шығаруды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Серік Ақылбай Астанадағы көлік кептелісі проблемасын шешу үшін мейрамханаларды қаланың шетіне шығаруды ұсынды. Ол Сенаттағы парламенттік тыңдауда осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенатор Астанадағы мейрамханаларды қала шетіне шығаруды ұсынды

«Бірнеше ай бұрын Германияда, яғни Мюнхенде болдым. Бұл қаланың орталығында мейрамханалар өте аз, олар негізінен қалаға кіреберісте орналасқан. Ал бізде әкімшілік ғимараттар мен мейрамханалар шаһардың орталығында жайғасқан. Осы орайда барлығы орталыққа қарай ағылады. Германиядағы әріптестерден мейрамханалар не үшін қаланың шетінде орналасқанын сұрадым. Олар өз кезегінде қаланың ішінде көлік санын азайту тұрғысында тиісті шаралар қабылданғанын айтты. Мейрамханалар қаланың сыртына қарай орналасқан кезде қаланың көлік жүйесіне жүктеме теңдестірілген түрде болады. Бұл тұрғыда бізге де тиісті зерттеулер жасаған жөн»,-деді сенатор.

Өз кезегінде Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун ұзақ мерзімді болашақта елордадағы көлік кептелісі проблемасын шешуге бірнеше орталықтардың құрылуы ықпал ететінін атап өтті.

«Бүгінде бізде екі ғана орталық бар, яғни қалалық әкімдік орналасқан ескі бөлік пен Сол жағалау. Қазіргі кезде тиісті бағдарлама әзірленді, онда жобаланған жеті аудан қарастырылып отыр. Оның әрқайсысында өз орталығы құрылады»,-деді Хорошун.

Ал қысқа мерзімді перспективада қала көшелеріндегі көлік кептелістері жол айырықтары мен қала тұрғындарының жұмыс кестесін өзгерту арқылы шешілмек.