Сенатор ауылдағы медицина сапасын жақсарту ұсынысын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенатор Советбек Медебаев ауыл медицинасы саласындағы жетістіктер және еліміздің өңірлерінде енгізілуі қажет жаңа жоба туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор ауылдағы медицина сапасын жақсарту ұсынысын айтты

Сенатордың айтуынша, Жамбыл облысының Меркі аудандық ауруханасында ауыл тұрғындарына заманауи сапалы медициналық қызмет көрсету бойынша пилоттық жоба оң нәтиже береді.

«Меркі аудандық ауруханасы дәрігерлердің, қаржыландыру мен дәрі-дәрмектің, құрал-жабдықтың жетіспеуіне қарамастан, ұйым негізгі көрсеткіштерді жақсартып, жалпы халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген қарым-қатынасын оңтайлы өзгерте білді. Біз тек кемшіліктерді ғана тізбектемей, республика деңгейінде осындай үлгі боларлық жаңа әрі пилоттық жобаларды жақсылап қолға алуымыз қажет деп есептеймін», - деді Советбек Медебаев Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Депутат «үздік тәжірибе орталығы» жүйесі «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Енгізілген жобалар медициналық қызмет сапасына риза болған пациенттердің 34% артуына, шағымдар санының 60% төмендеуіне ықпал еткен. Ал «Денсаулық мектебі» жобасы медициналық сауаттылық деңгейін көтерді.

«Адам ауруларының алдын алуға бағытталған ерекше тәсіл, яғни «диагнозға бағытталған тәсіл» науқасты бірінші орынға қойып, ескі жүйені жақсартты. Жаңадан ашылған «Денсаулық мектептері» медициналық сауаттылық деңгейін көтерді. Учаскелік дәрігерлердің жүктемесін және жұмысын жеңілдету мақсатында мейірбике қабылдауы енгізілді. Елімізде ауылдық медицинаны жақсарту және аталған пилот жобаларды барлық өңірлерге тиімді енгізу мақсатында Жамбыл облысында «Ұлттық демонстративті платформа» құруды және өңірді алғашқы медициналық-санитариялық көмектің озық тәжірибесін енгізу әрі трансферттеу жөніндегі республикалық үйлестіруші орталық ретінде түрде бекітуді ұсынамыз», - деп атап өтті сенатор.