Сенатор әйелдерге арналған білім беру орталықтарын қолдауға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Нұртөре Жүсіп Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында әйелдерге арналған білім, ақпараттық-консультация беру орталықтарын қолдауға шақырды.

Нұртөре Жүсіп
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

«Статистикалық деректерге сәйкес, елімізде жұмыссыздар саны 452 мың адамды құраса, оның арасында жұмыссыз әйелдер 242 мың шамасында. Бұл дерек Үкіметті ойландыра ма?», - деді Н. Жүсіп.

Депутаттың айтуынша, елордада 2021 жылдан бастап көпбалалы және жалғызбасты аналарға, өмірде қиын жағдайда тап болған, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарға көмек көрсететін «Бақытты отбасы» орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық қазіргі кезде түрлі кәсіп бойынша 20-дан астам білім беру курсын ұйымдастырып, онда 2,5 мың әйел білім алған. Оның үстіне, олардың 80 пайызы өз ісін ашқан және орталық заңгерлерінің қолдауымен өтініш беріп, мемлекеттік грант ала алды.

«Бақытты отбасы» орталығы бір жағынан әйелдерді рухани, моральдық тұрғыдан қолдап, кәсіп үйретсе, екінші жағынан халқымыздың этнографиялық мұрасын жаңғыртып, жас ұрпаққа тәлім беретін таптырмас мәдени мектептің қызметін атқарып отыр. Осындай үлгідегі орталықтарды өңірлерде, әсіресе, облыс орталықтарынан көптеп ашуға қалай қарайсыз? Үкімет тарапынан арнайы гранттық көмек беруге мүмкіндіктеріңіз бар ма? Осы үлгідегі орталықтардың өнімдерін нарыққа шығаруға, қорғаныс, медицина, мәдениет салалары бойынша жүйелі тапсырыстар арқылы қалыптастыруға мүмкіндік бола ма?»,- деп сұрады Нұртөре Жүсіп Премьер-Министр Олжас Бектеновтың атына жолдаған сауалында.