Сенатор Б. Бекназаров министрлердің Парламенттегі жауабын бағалап отыруды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенатта ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау барысында сенатор Бектас Бекназаров министрлердің Парламенттегі жауаптарын бағалап отыру мәселесін көтерді.
«Бір мәселеге назар аударғанды парыз санаймын, бұл біздегі «сұрақ-жауап» процедурасы. Парламентте министрлердің алдында нақты-нақты сұрақтар қойылады. Нақты сұраққа нақты жауап естігіміз келеді. Алайда, бүгін ғана емес, жалпылама алғанда мынадай мінберден берілген жауаптар көңілден шыға бермейді. Біз кабинетке барып емес, мәселелерді осындай жерлерде айтуға тиіспіз. Егер нақты жауап алмайтын болсақ, жалаң сөзбен шығарып салу жалғаса беретін болса, онда Парламенттегі «сұрақ-жауап» процедурасының қажеті қанша?» - деген депутат палата спикеріне де ұсынысын жеткізді.
«Бізде техникалық мүмкіндік бар. Әрбір жолы лауазым иесі жауап бергенде соның жауабын «қабылдаймыз ба, жоқ па?» «қанағаттандыра ма, жоқ па?» соған баға беріп отыру керек секілді. Түймешек арқылы соған дауыс беріп, сол экранда көрініп тұрсын. Бұл біріншіден лауазым иелерінің мұндай отырыстарға дайындығын ғана емес, депутаттардың да жауапкершілігін күшейтетін еді. Ендеше, алдағы уақытта осыны ескерейік. Жауап беретін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыратын тетікті қосу керек деп есептеймін», - деді сенатор Б. Бекназаров.