Сенатор «цифрлық аутизм» туралы: Қолына смартфон ұстап туған буын өмірге келді
«Ғалымдардың айтуынша, аутизм – «ХХ ғасырдың обасы». Ал цифрлық аутизм – ХХІ ғасырдың дерті. Қазір бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да «цифрлық аутизм» белгілері байқала бастағанын атап өтті. Балалар смартфонды ұзақ ұстауы салдарынан есте сақтау, көру және сөйлеу қабілетінен айырылып жатыр. Олардың өз бетінше ойлауы, ұзақ мәтіндерді қабылдауы, айналаға назар аударуы қиынға соғып отыр», - деді Н. Жүсіп Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтің атына жолдаған сауалында.
Осы орайда ол елімізде тілі кеш шығатын балалар көбейіп бара жатқанын айтты.
«Жеті атасын жатқа білетін ұрпақ орнына жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болды. Скринэйджер, зуммер, немесе Z – ұрпақ – өз өмірін электронды құрылғысыз елесетете алмайтын жаңа буын. Ата-аналардың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Бір сөзбен айтқанда, қолына «смартфон ұстап туған» буын өмірге келді», - деді депутат.
Сенатор гаджетизация мен заманауи технологияға қарсы тұру да дұрыс емес екенін айтты. Депутат осыған байланысты мектептер мен балабақшалардағы ата-аналар комитеттеріне, сондай-ақ салалық үкіметтік емес ұйымдарға киберманияның зияны туралы белсенді түрде айтып беруін ұсынды.
Н. Жүсіп өскелең ұрпақтың денсаулығына бақылау жүргізуге тікелей байланысты ұсыныстарын да ортаға салды.
«Үкіметке жаңа туған нәрестелерді жаппай ретинопатия және аудиологиялық скринингтен өткізудің сапасына мән беруді, Алматы қаласындағы А.Островский атындағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған №4-ші мектеп-интернатқа қосымша ғимарат салуды ұсынамыз. Сонымен қатар, логопед және офтальмолог мамандықтарына бөлінетін мемлекеттік грант санын көбейткен маңызды», - деді Нұртөре Жүсіп.