Сенатор Ғ. Есім Үкіметтен «Қазақ елінің тарихы және философиясы» институтын құруды сұрайды

АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Астанада «Қазақ елінің тарихы және философиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылса игі. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Ғарифолла Есім осылай мәлім етті.

Сенатор Ғ. Есім Үкіметтен «Қазақ елінің тарихы және философиясы» институтын құруды сұрайды

«Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясын айқындаған Жолдауында тұңғыш рет елімізді «Қазақ мемлекеті» деп атайтын боламыз» деген түйін жасады. Жалпы Қазақ елінің тарихи санасын қалыптастыру - аса маңызды мемлекеттік деңгейде атқарылатын іс. Отандық тарихты зерделеу жөніндегі кеңесте Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «уақыт тарих ғылымының алдында мүлдем жаңа талаптар қойып отырғанын» айтқан еді», - деді сенатор.

Сонымен қатар, Ғ. Есім тәуелсіздіктен бері Қазақ елі кешенін қалыптасып, Мәңгілік ел қағидасы орныққанына тоқталды.

«Осыған орай, Жолдауда айтылғандай «бір - ел, бір - халық» тұжырымы заман талабына сай зерделей алатын Астана қаласында жаңа ғылыми-зерттеу институтын құру қажеттілігі туып отыр. Тәуелсіз Қазақ елінің тарихы оқулығы жазылуы керек. Қазақ тарихы дүниетанымымен бірге өрілген. Сондықтан да, ғылыми-зерттеу институтын «Қазақ елінің тарихы және философиясы» деп аталса деген игі тілек білдіреміз», - деді депутат Ғ. Есім.

Осы ретте сенатор кезінде коммунистік-кеңестік идеологиялар аясында гуманитарлық-қоғамдық ғылыми зерттеу институттары мен орталықтарының заман талабына сай қажеттіліктерді қанағаттандыра алмай отырғанын атап өтті. «Қазақ елінің тарихы мен дүниетанымын пайымдауда тың көзқарас қалыптастыратын ғылыми-зерттеу институтын құру заман талабы», - дейді депутат.