Сенатор Ғ. Қасымов БАҚ бостандығына қатысты пікір алмасу алаңы конференциясын Орталық Азияда дәстүрлі түрде жалғастыру туралы ұсыныс жасады

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін елордада ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясының «БАҚ бостандығы» сессиясында сенатор Ғани Қасымов БАҚ бостандығына қатысты пікір алмасу алаңына арналған конференцияны дәстүрлі түрде жыл сайын Орталық Азияда өткізіп тұру туралы ұсыныс жасады.

Сенатор Ғ. Қасымов БАҚ бостандығына қатысты пікір алмасу алаңы конференциясын Орталық Азияда дәстүрлі түрде жалғастыру туралы ұсыныс жасады

«БАҚ мәселесіне келетін болсақ, осыдан он-он бес жыл бұрынғы проблемаларды дәл бүгінгі жағдаймен салыстыруға келмейді. Үдеріс қарқынды жүріп жатыр, бір орында тұрып қалған емеспіз. Алайда, біз бүгінгі күні 4-5 оппозициялық бұқаралық ақпарат құралдары аясындағы әңгімеден аса алмай отырмыз. Бұл ретте біздің қоғамдық өмірімізде жүргізіліп жатқан шаралардың бәрі заңнамалық тұрғыдан демократиялық дамуға қатысты ұдайы қолдау жасалып жатқанын атап өту керек. Біз демократияландыру үдерісінің, ЕҚЫҰ жоғары стандарттарының одан әрі атқарылуын әрі шешім табуын қолдаймыз. Бұндай міндеттер алдағы саммитпен аяқталып қалмауы да тиіс», - деген Ғ. Қасымов Варшава конференциясының Астанада жалғасын тапқанына ризашылығын білдірді.

«Жыл сайын дәстүрлі түрде Орталық Азия өңірінде БАҚ бостандығына қатысты пікір алмасу алаңын жалғастырудың маңызы зор. Мен осыны ұсынамын», - деді Ғ. Қасымов.