Сенатор Ғарифолла Есім Алматыдағы Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті
АЛМАТЫ. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғарифолла Есім Алматы қаласындағы Алатау ауданына қарасты "Шаңырақ" ықшам ауданында болып, тұрғындармен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұнымен қатар көктемгі жауын-шашын салдарынан үйлерін су басып қалған тұрғындарға арнап салынған «Саялы» ықшам ауданында да болып, салынып жатқан үйлердің құрылысын көрді.Тұрғындардың пікірлерін тыңдады.Депутат бұнымен қатар бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Атап айтқанда № 149 жалпы білім беретін мектептің филиалында болып бастауыш мектептің жай-күйімен танысты. Ондағы мектептің ғимараты мен техникалық базасына көңілі толмаған сенатор бұл мәселеге қатысты Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдайтынын айтты. Сондай-ақ № 161 балабақшаны, № 26 мектепті көріп шықты. Алматы қаласында жаңа Алатау ауданының ашылуын көптен бірі қордаланып қалған "Шаңырақтағы" мәселелерді шешу үшін мемлекет трапынан жасалған қамқор деп қабылдауымыз керек, деген ойын білдірген сенатор келешекте аудандағы мектептерге келіп оқушыларға тәрбие сабағын өткізетіндігін айтты.