Сенатор геологиялық барлауға бөлетін бюджетті ұлғайтуды ұсынды

Сенат
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында геологиялық барлау деректері талапқа сай сақталмай жатқанын мәселе етіп көтерді.

«2003-2023 жылдар аралығында Қазақстанда аумағындағы негізгі геологиялық барлау жұмыстарына бюджетен 640 млн доллар бөлінген. Салыстырып айтсақ, тек 1990 жылы ғана бұл жұмыстарға 600 млн доллар бөлінген. Халықаралық тәжірибені қарасақ, бір шаршы шақырым аумақты геологиялық барлауға Аустралия 167 доллар, Канада 203 доллар, Өзбекстан 98 доллар бөледі. Біздің респблика бір шаршы шақырымды барлауға бар болғаны 8 доллар ғана бөледі.

Қазіргі таңда республикалық геологиялық қорда 4,5 миллионнан астам геологиялық есептер сақтаулы тұр. Оның бәрі графикалық тасығыш, магниттік тасығыш, картридж сияқты түрлі құралда, нашар жағдайда сақталған. Жер қойнауын игерушілер қандай да бір геологиялық ақпаратты алуға 3 айдан астам уақыт жоғалтып жүр.

Сенатор minerals.gov.kz бірыңғай платформасы қажетті талапқа сәйкес келмейтінін атап өтті.

«Экономиканы дамыту негізінің бірі ретінде геологиялық саланы нақты трансформациялау жөнінде шаралар қабылдау қажет. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде бұл мәселені қарастыру аса маңызды. Ресурстық базаны дамыту аясында металдардың неғұрлым сұранысқа ие санаттары бойынша басымдық беру қажет. Кері байланысты ескере отырып, жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасында жинақталған тарихи геологиялық ақпаратты цифрландыруды аяқтау, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға бөлетін қаржысының 50% пайдалану мәселесін қарау керек», - деді Шәкәрім Бұқтұғұтов.

Соңғы жаңалықтар