Сенатор Қ. Айтаханов «Наурызнама» тұжырымдамасын әзірлеу туралы мәселе көтерді

АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - Наурыз мерекесінің бүкілхалықтық сипат алуына, оның мазмұнын, тәрбиелік мәнін одан әрі тереңдете беру мақсатында республикада «Наурызнама» бағдарламасын әзірлеу қажет.
None
None

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті.

«Бүгінде, Наурыз мерекесі Қазақстан халқына тән жалпыға ортақ құндылыққа, елдік дәстүрге айналды. Елбасы Н.Назарбаев «Ежелден жыл басы болып есептелетін, жаңару мен жасарудың, ынтымақ пен берекенің, татулық пен келісімнің мерекесі Наурыз елімізде жаңа жыл мерекесі ретінде тойланатын болуы керек» - деген болатын. Алайда, Ұлыстың ұлы күні Наурызды Жаңа жыл мерекесіне лайықты дәрежеде атап өте алмай жүргеніміз туралы қоғамда әр түрлі пікірлер айтылып жүр», - деді сенатор Қ. Айтаханов. Бұл ретте депутат қазіргі кезде, Наурыз еліміздің әр өңірінде әртүрлі деңгейде өткізіліп отырғанына назар аударды. Мәселен, батыста Наурыз мерекесі 14 наурыздан «көрісу күндері» болып басталса, көптеген өңірлерде мейрам фольклорлық-этнографиялық мерекеге айналып бара жатқан секілді.

«Көпшіліктің көкейінде жүрген осы бір игі іске Оңтүстік Қазақстан облысы басшылығы биылғы жылы ерекше мән беріп, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін 14-23 наурыз аралығында, яғни 9 күн бойы жаңа сипатта ұйымдастырып, халқымыздың көнеден келе жатқан «Наурызнама» дәстүрін заман, қоғам талабына сай қайта жаңғыртты. Биылғы Наурызда оңтүстікте әр күн өзіндік ерекшеліктермен, тәрбиелік мәні бар істермен өрнектелді», - дей келе сенатор ондағы әрбір атаулы күннің ерекшеліктеріне тоқталды.

«Биылғы жылы Наурыз мерекесін тойлауда республика өңірлерінде әртүрлі жаңаша ой, іс-шаралар ұсынылды. Енді, өңірлердегі Наурыз мерекесін өткізуге байланысты атқарылып жатқан әр алуан іс-шараларды жинақтап, әз Наурызды терең мазмұнды, мағыналы етіп өткізудің бағдарлама-жобасын ойластырған жөн сияқты. Ұлыстың ұлы күні, жыл басы Наурыздың халқымыздың ырысы мен ынтымағының, бірлігі мен татулығының нығаюына, салт-дәстүріміздің, тіліміздің өркендеп, дамуына қосатын үлкен үлесін ескере отырып Наурыз мерекесінің бүкілхалықтық сипат алуына, оның мазмұнын, тәрбиелік мәнін одан әрі тереңдете беру мақсатында республикада «Наурызнама» бағдарламасын (тұжырымдамасын) әзірлеп, жинақталған жақсы дәстүрді халыққа кеңінен таратуға Үкімет тарапынан ықпал етілсе екен», - деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар