Сенатор Кәлетаев Түрікменстандағы сайлауды байқауға қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Кәлетаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) миссиясының құрамында Түрікменстанда президент сайлауын байқауға қатысты.
Миссия мүшелері сайлау алды үгіттеу науқаны мен оның бұқаралық ақпарат құралдарында берілу барысымен танысты және сайлау күні Ашғабат пен ел аймақтарындағы сайлау учаскелерінде болды.
ШЫҰ байқаушылары сайлау қорытындысы бойынша азаматтардың, оның ішінде жастардың көп қатысқанын атап өтті. Миссия Түрікменстандағы президент сайлауы ұлттық заңнамалар мен мемлекеттің халықаралық саладағы қабылдаған міндеттемелеріне сай өткені туралы қорытынды жасады. Сонымен бірге ШЫҰ өкілдері жекелеген техникалық олқылықтар ұшырасқанын, алайда оның сайлаушылардың таңдау нәтижесіне әсері болмағанын мәлім етті.