«Сенатор қазақ қыздарын шетелге жібергісі келмейді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 16 наурыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Сенатор қазақ қыздарын шетелге жібергісі келмейді» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық кеңес болып өтті. Онда көктемгі дала жұмыстарына әзірлік және ет экспортының әлеуетін дамыту мәселелері қаралды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Көктемгі егіске әзірлік қалай?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, аталған мәселе бойынша баян­дама жасаған Ауыл шаруа­шылығы министрі Асылжан Ма­мытбеков би­ылғы жылы 21 миллион гектардан астам жерге тұқым себілетінін айтқан. Соның ішінде астық егіс­ті­гі­нің көлемі 16,3 миллион гектарды құрайды. Барлық об­лыс­тар қажетті тұқыммен толық қам­тыл­ған. Олардың 77 пайыз­дан астамы тиісті тексерістен өткізілген. Көктемгі егіске қаты­су­шы­ларды арзан жанар-жағармаймен қамту мәселесі де шешімін тапты. Осы­ның есебінде диқандар қауы­мы жанар-жағармайды рынок­та­ғыдан 12 пайызға төмен бағамен алатын болады. Мұндай жанар-жағармайдың көлемі 360 мың тоннаны құрап отыр.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілік етуімен  палатаның кезекті отырысында Мәжіліс мақұлдаған 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қаралды.  Бұл жолы да заң жобасын қорғауға Үкімет толық құрамда келіп қатысты. «Республикалық түсім­дердің нақтыланған болжамы 5 236,9 миллиард теңге көле­мін­де, яғни бекітілген бюджетпен са­лыстырғанда 485,9 миллиардқа арттырылған. Осы орайда үсті­міздегі жылы Ұлттық қордан кепіл­дендірілген трансферт мөл­шерін 180 миллиард теңгеге ұл­ғайту көзделген. Республикалық бюджеттің шығыс бөлігі бекітілгендегімен салыстырғанда 507,2 миллиардқа артып, 6 016,8 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылып отыр», - деп жазады басылым. Мақала «Сенат бюджетті қабылдады» деген тақырыппен берілген.

***

«Қызға қырық үйден тыю» мәселесі отбасылық деңгейден қалып, мемлекеттік мәселеге айналып бара жатқандай. Қазақ қыздарының тағдырына қатысты дүниелердің парламенттік мінберде айтыла бастауы соны аңғартса керек. «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, кешегі Сенат отырысында Үкімет басшысының атына үшбу хат жолдаған депутат Жабал Ерғалиев қазақ қыздарын Қазақстаннан тысқары білім ошақтарында оқытуды шектеу мәселесін көтерді.  «Қыздарды шеттегі оқудан шектеу туралы мәселеге бармас бұрын депутат Жабал Ерғалиұлы ақпарат агенттіктеріне сілтеп, соңғы уақытта шет мемлекеттерде білім алып жатқан қазақ қыздарының түрлі себеппен кісі қолынан қаза табуына, абыройсыздыққа ұрынуына алаңдаушылық танытты», - деп жазады басылым. Толығырақ «Сенатор қазақ қыздарын шетелге жібергісі келмейді» деген тақырыптан оқып, біліңіздер.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанның инвестициялық саясатына шолу жасапты. ЭЫДҰ инвестициялық департаменті директоры Стивен Томсеннің айтуынша, Қазақстан соңғы 5 жылда инвестиция тартуда рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, әжептәуір жетістіктерге қол жеткізген.  Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі санындағы «Инвестициялық саясатымызға шолу жасалды» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы қазақсандық қамту саясатын да сынға алып өтті. олар бұл саясат барлық компаниялар үшін әділетті және икемді болуы керек деп есептейді», - деп жазады басылым.

***

Бұл күндері Көкшетау қаласында 23 жасқа дейінгі зілтеміршілер арасында Қазақстан біріншілгі өтіп жатыр. Оған республикамыздың әр өңірінен жиналған 224 үміткер қатысуда. Олардың араларында түрлі байрақты бәсекелерде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар да бар. Осы байрақты бәсеке арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Көкшетауда күш сынасып жатыр» деген тақырыппен берілген. «Бүгінгі таңда елімізге ең көп медаль сыйлап жүрген спорт түрі - ауыр атлетика екені сөзсіз. Сол себепті ел-жұрттың қызығушылығы да ерекше. Оны біз Көкшетаудағы жарыс барысында да аңғардық», - деп жазады басылым. Толығырақ мағлұмат алғыңыз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

«Қаржы полициясы ағымдағы жылдың 2 айында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 118 қылмыстық іс қозғады», - деп жазады «Айқын» газеті. Мәселен, ОҚО ІІД-нің әс­кери-медициналық тексеру комис­сия­сының төрайымы Б.Сәт­кенова 17 рет пара алған. Комиссия төрайымынан Алматы облысының Алакөл аудандық ішкі істер бөлімі Жол полициясы бө­лімінің бастығы Т.Әбдірахимов та асып түскен. Ол пара алу арқылы 28 жүргі­зушіге мемлекеттік техникалық бай­қаудан өткендігі туралы жалған құжат жасап берген. Осы қылмысы үшін бөлім бастығы 4 жылға бас бос­тан­­дығынан айырылған. Шығыс Қа­зақ­­стан облыстық ішкі істер депар­таменті Жол полициясы бөлімшесінің бастығы Т.Канапин де жоғарыдағы әріптесінің әрекетін қайталағаны үшін 7 жылға сотталған. Сонымен бұдан да бөлек парақорлар жайында білгіңіз келсе, басылымның жұма күнгі нөміріндегі «Осы жұрт пара алуға құмар» деген тақырыптағы мақалаға көз жүгіртіңіз.

***

«ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов орталық атқарушы орган басшыларының қатысуымен кеңес өткізіп, онда Жаңаөзен қаласының мәселелері қаралды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы шамамен 2 мың адамды жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу үшін 2 жаңа сервистік кәсіпорын құрды. Сондай-ақ жұмыстан шығарылғандардың және олардың отбасы мүшелерінің екінші деңгейлі банктерден алған несиелерін қайта құрылымдау мәселелері де шешілуде. С.Ахметов сонымен қатар «2012-2020 жылдарға арналған Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында бекітілген барлық іс-шаралар мезгілінде жүзеге асырылатындығын баса айтты.