Сенатор М. Бақтиярұлы: Алдағы реформалар мемлекеттің даму ерекшеліктерін көрсететін болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 26 сәуір күні өткен сайлау қазақстандықтардың, оның ішінде қазақ ұлтының біртұтас ұлт болғандығын толық көрсете білді. Өйткені, осы сайлауда қазақстандықтар бұрын-соңды болмаған саяси белсенділік танытып, сайлау учаскелеріне барып, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевқа өз таңдауларын жасады. Осындай пікірді Сенатор Мұрат Бақтиярұлы айтты.

 Сенатор М. Бақтиярұлы: Алдағы реформалар мемлекеттің даму ерекшеліктерін көрсететін болады

«Сіздер жақсы білесіздер, сол сайлаудан кейінгі маңызды оқиға Президентті ұлықтау рәсімі. Осы рәсімде сайлауалды тұғырнамасы бойынша сөйлеген сөзінде Елбасы 5 институттық реформаны жүзеге асыратын тетіктері айтылды. Жеке өз басым сенатор ретінде, саясаттанушы ретінде бұл 5 реформа бес жылға емес, он немесе он бес жылға созылатын мемлекеттік құрылымды, жалпы мемлекеттің экономикасын әлеуметтік жағынан, саяси жағынан, мәдениет жағынан қамтитын үлкен саяси реформа дер едім. Осыдан менің өзімнің түйгенім, 24 жылдың ішінде Қазақстан өтпелі кезеңді аяқтады деп айтуға болады. Қазақстан осы өтпелі кезеңде қазақ мемлекетін толық құра алды, бүкіл мемлекеттік институттарын толық орнықтырды. Қазақстан толыққанды біртұтас ұлт ретінде қалыптасты деп негіздеуге болады. Сондықтан да енді алдағы реформалар мемлекеттің даму ерекшеліктерін көрсететін болады. Қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін Елбасы кешегі ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде айтқанындай орта таптың жағдайын жасау қажет.

Президент жанынан жаңғырту жөніндегі арнайы комиссия құрылатын болады. Ол комиссияға Қазақстандағы ең мықты саясаттанушылар, сарапшылар, керек болса, шетелден алдыңғы қатардағы мамандар тартылып, алға дамуға байланысты Ұлттық жоспар жасалды. Ұлттық жоспар - 100 қадам ретінде жан-жақты, бүкіл экономика, әлеуметтік сала бойынша жаңғырту барысында жұмыс жасайтын болады. Оған Ұлттық комиссия емес, Қазақстанның барлық азаматтары қамтылатын болады.

Менің жеке өз басым қуанатыным, біз революциялық жолмен емес, эволюциялық, реформалық жолмен дамып келе жатқан мемлекет әр уақытта да болашағы жарқын әрі дәулетті мемлекет қатарына қосылады деп толық сеніммен айтуға болады», - деді Сенатор.