Сенатор мал шаруашылығына кері әсерін тигізіп жатқан деректерді атады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның қазіргі ветеринариялық басқару моделіне тиісті жүйелі реформа қажет. Бұл туралы сенатор Арман Өтеғұлов мәлім етті.

УТЕГУЛОВ Арман Каримович
Фото: primeminister.kz

— Жүргізілген жан-жақты талдауда ветеринария тек аграрлық сектордың бір тармағы ғана емес, ұлттық қауіпсіздік жүйесінің негізгі бағыты екенін айқын көрсетіп отыр. Әлемдік эпизоотиялық ахуалдың күрделенуі баршаңызға мәлім. Жаңа зооноздар, климаттың өзгеруі, халықаралық сауданың артуы аң мен мал ауруларының таралуын тездетіп отыр. Ғалымдардың дерегінше, жаңа инфекциялардың 70 пайызы жануарлардан тарайды. Сондықтан ветеринария — бұл тек мал шаруашылығын қорғау емес, адам денсаулығын, өңірлік тұрақтылықты және шекаралық қауіпсіздікті қорғау, — деді А. Өтеғұлов Сенатта ветеринариялық қызмет тақырыбын талқылауға арналған Үкімет сағатында.

Оның пайымынша, Қазақстанның қазіргі ветеринариялық басқару моделі бұл сын-қатерлерге уақытылы жауап беруі үшін тиісті жүйелі реформаларды қажет еді. Мысалы, бір функция — орталықта, екіншісі — өңірлерде, үшіншісі — жеке секторда. Бұл өз кезегінде эпизоотиялық жағдайында мұндай көпдеңгейлі модель жедел шешім қабылдау мүмкіндігін тежейді.

— Бүгінде көптеген өңірде ветеринар мамандарының тапшылығы 25–30 пайызға жетті. Бір маманға жүктеме аймақтарда 2–2,5 мың малға дейін барса, мұндай жағдайда сапалы диагностика да, профилактика да мүмкін емес. Кадрлар даярлайтын ЖОО бағдарламалары халықаралық талаптарға толық сай емес, ірі шаруашылықтар алыс жақын шет елдерден білікті мамандарды жұмысқа алуға мәжбүр. Жас мамандар ауылдарға барудан бас тартып жатыр, себебі, әлеуметтік жағдай төмен, тұрғын үй жоқ, жалақы бәсекеге қабілетсіз. Бұл жағдай саланы болашақта кадрлық күйреуге алып келуі ықтимал, — деді сенатор.

Оның сөзіне қарағанда, эпизоотиялық жағдайды созылмалы деуге болады. Бруцеллез, құтыру, сібір жарасы, туберкулез сияқты ауру ошақтары жекелеген өңірлерде жылдар бойы жойылмай келеді. Оның басты себептері:

— жеке қосалқы шаруашылықтардың вакцинацияға немқұрайлы қарауы;
— малды тасымалдау кезінде тіркеу іс-шараларының әлсіздігі;
— түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі.

Бұл — тек ветеринарлық қызметтің емес, қоғамдық жауапкершілік деңгейінің де төмендігі.

— Цифрлық жүйелердің интеграциясына келсек, ИСЖ, VetLab, ISZH-Mobile, Төрт түлік сияқты жүйелер бар, бірақ олар бір-бірімен толық интеграцияланбаған. Ақпарат әр жерде бөлек, нақты уақыт режимінде талдау мүмкін емес. Ал, дамыған елдерде барлық дерек бір платформада шоғырланады. Мысалы, ЕО-ның TRACES жүйесі, АҚШ пен Канададағы орталықтандырылған желілер тәуекелдерді автоматты түрде талдап, алдын алу шараларын жедел іске асыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда мұндай жүйе толық іске аспайынша, эпизоотиялық бақылау дәл болмайды, экспорттық нарыққа шығу да шектеледі. Экспорттық әсерді бақылау толық автоматтанбаған. Бүгінде халықаралық нарық тек өнім сапасын емес, оның шыққан орнынан бастап, дастарханға жеткізілгенге дейінгі жолын талап етеді. Қытай, Парсы шығанағы, ЕО елдері үшін малды баққан жері, қандай вакцина алғаны, қандай зертханада тексерілгені маңызды. Қадағалау автоматтандырылмағандықтан, еліміз экспорттық әлеуетін толық пайдалана алмай отыр, — деді депутат.

Айта кетейік, Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттен кейін ветеринариялық, фитосанитариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты бірқатар лауазымды адам мен маман тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Соңғы жаңалықтар